28 Мамыр, 2011

Жыр арқауы – мерейлі мереке

545 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Осыдан 20 жыл бұрын егемен ел атанып, тәуелсіздікке қол жеткізіп жатқан шақта Семейде айтыс ақындарының мектебі ашылған-тын. Ол есімі елге белгілі айтыскер ақын Дә­меш Омарбаеваның зор қажыр- қайраты нәтижесінде мүмкін болған еді. Д.Омарбаева оған күні бүгінге дейін біліктілікпен басшылық жасап келеді. Жергілікті басшылық та айтыскер ақындар мектебін бюджет есебінен қаржыландырып, қолдан кел­гендерінше қамқорлық таны­туда. Осындай екі жақты қамқор­лық нәтижесінде өткен жиырма жыл ішінде аталған мектептен бү­гінде есімдері айтыс жанашыр­ларына кеңінен танымал Сара Тоқтамысова, Ринат Зайтов, Қар­лығаш Әубәкірова, Нұржан Өмір­баев сынды небір аламан жарыста топ жарған айтыскер ақындар өсіп шықты. Мұнда «Наурыз нақыштары» деген тақырыппен жыл сайын қалалық жас ақындар айтысын өткізу дәстүрге айналған. Биыл­ғы мерекелі жылы қайта жөн­деу­ден өтіп қатарға қосылған қала­лық мәдениет сарайында өткен сол дәстүрлі айтыс бұл жолы ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. Жас ақындар сайысын кіріспе сөз сөйлеп ашқан об­лыс­тық ішкі саясат департаментінің бастығы Омар Жақсылық пен Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Құсмилия Жырғалұлы оларға жыр додасында сәттілік тіледі. Бұдан кейін жас ақындар тәуел­сіздікке қол жеткізгеннен бергі жердегі ел жетістіктерін, кеше ғана өткен президенттік сай­лау­дағы ел ұйымшылдығын жыр­лаумен бірге, наурыз, мәң­гі жастық, көктем тақырыбын да ұмыт қалдырмады. Сайыс қорытындысында бас жүлдені Семей мемлекеттік педагогика институтының студенті Ардабек Ақбалаұлы иеленсе, бірінші орынды қа­ладағы №26 орта мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлан Бектібаев жеңіп алды. Д.Омарбаева енді облыс оқу­шылары арасында айтыс өт­кі­земін деп отыр. Онда да басты тақырып ел тәуелсіздігі болмақ. Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ. Семей.