28 Мамыр, 2011

Отандық ғылым өзін ғана асырап отыр ма?

323 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Жұма күні Алматыда «Ғылымның дамуы – еліміздің болашағы» атты форум өз жұмысын бастады. Бұл басқосу Елбасының ғылым саласы бойынша берген тапсырмаларын орындау жөніндегі еліміздегі ғылыми ұйымдар мен жоғары білім беретін мекемелердің міндеттеріне арналды. Елбасы оңтүстік астанаға  сапары кезінде Алатау «Ақ­па­рат­тық технологиялар паркі» ашық экономикалық аймағында (АЭА) өткен «Инновациялық Қа­зақ­стан-2020» атты форумға қа­ты­сып, ғылым саласындағы қор­даланған мәселелерге тоқтала келе: «Ақпараттық технология бой­ын­ша Қазақстан ТМД елдерінде көшбасшы. Бұл саладағы жұмыс әлі де жүйелендіруді және  қол­дау­ды қажет етеді. Бізде инно­ва­цияға бөлінген қаражат жоғары тех­нологиялық дамыған елдермен салыстырғанда 10 есе тө­мен. Қазақстанда ғылым осы уа­қытқа дейін өзіне өзі жұмыс істеп келді. Мұны тоқтату қажет. Таяу жыл­дары әлем инновация бойынша 3 топқа бөлінеді. Әри­не, біз де бірінші топқа кіруді қа­лай­мыз. Бұл істе аутсайдерлер аз болмайды. Егер біз қазірден бастап жақсы жұмыс істесек, Қазақ­станның бірінші топқа кіруге мүм­кіндігі бар», –  дегені есімізде.  Елбасының осы ескертпесінен кейін ғылым саласында қандай қозғалыстар жүріп жатыр, ғылыми қауымдастық осыдан нендей қорытынды шығарды,  деген сауал туындары белгілі. Сонымен, 200-ден астам ғылым өкілдері қатысқан форумда алдымен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйледі. Министр Мемлекет басшысының білім мен ғылым саласына қатысты тапсыр­ма­лары бойынша өзі осы қызметке келген 8 айдың ішінде атқа­рылған жұмыстарға тоқталып өтті. – Біріншіден, Нұрсұлтан Әбіш­ұлы ұсынған ғылымды басқа­ру­дың мүлде жаңа моделін іске асыратын «Ғылым туралы» Заң қабылданды. Екінші – мұғалім­дер­ді даярлау мен біліктілігін арт­тырудың көп деңгейлі жүйе­сі қолға алынды, – деді ол. Оның айтуынша, осы мақсат жолында министрлік мемлекетке 2012 жыл­дан бастап 5 жылға 340 миллирад теңге бөлуге ұсыныс жа­сапты. Үшіншіден, орта білім беру сапасын мемлекеттік бақылаудың орталықтандырылған вертика­лын енгізу. Бүгінде білім беру қыз­меттерін көрсету, білім са­пасына бақылау жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ендігі жерде бұл жағдай түбірі­мен өзгеретін болады. Төр­тін­шіден, техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделі іске асуда. Салынып жатқан өңірара­лық орталықтар мен әлемдік де­ң­гейдегі колледждердің баз­а­сын­да «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылмақ, – деді ол. Бесінші – жоғары білім беру жүйесінде жоғары оқу орын­дары­ның жаңа жіктеуіші енгізілетін болса, алтыншыдан, мемле­кет­тің қаржылай қолдауымен жоо-ларда білім алушыларды академиялық қамтамасыз ету басталған көрінеді. – Бұл – Болон процесінің басты қағидаттарының бірі. Студенттерді, магистранттар мен PhD докторанттарын даярлау са­пасын арттыру мақсатында шетелдік оқытушыларды тарту жұ­мыс­тарын күшейтудеміз. Біз бұрын, жыл сайын тек  40 шетелдік профессорды тартсақ, осы жылы олардың саны 300-ге жетті. Олардың әрқайсысы 10 айдан жұмыс істейтін болады. Қаражат 2005 жылы 265 миллион теңге болса, ол биыл 2,5 миллиард тең­геге, яғни 10 есеге өсті, – деді сала жетекшісі. Министрдің мәлімдеуінше, «Болашақ» бағдарламасының да ережесі өзгертілген. Бағдарлама бірінші кезекте магистранттар мен PhD докторанттарын, білікті педагогтар даярлауға көңіл бөл­мек. Ал биылдан бастап шетелде мемлекеттік грант есебінен бакалаврлар даярланбайтын болыпты. Сегізінші кезекте, жоо оқу­лық­тарын әзірлеуге және басып шы­ғаруға мемлекеттік қолдау көрсету жүйесі басталатыны белгілі болды. Тоғызыншы, 20 жыл ішінде алғаш рет «Студенттік бас­пана» бағдарламасы әзірленген. – Бұл бағдарлама таяу жыл­дары жоо студенттерін жатақ­хана­мен қамтамасыз етуді 80 пайызға жеткізеді, – деген министр осыдан кейін тікелей ғы­лым мәселесіне ойысты. «Ғылым туралы» жаңа заң­ның ережелерін еске салған министр ғылымды басқару жүйе­сін­дегі функцияларды нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Яғни, ұлттық ғылыми кеңестер құрылған. Олар ендігі жерде жобалар мен бағдар­ла­ма­лар­дың орындалуы туралы нақты шешімдер қабылдамақ. – Оған қоса Мемлекеттік ғы­лыми-техникалық сараптама ұлт­тық орталығы құрылады. Шешім қабылдаудың барлық деңгейінде біздің және шетелдік жетекші ғалымдар қатысатын болады, – деді сала басшысы. Және маңызды мәселелердің бірі – ғылымды қаржыландыру екендігі айтылды. Өткен жылы ғылымға 24,2 миллиард теңге бө­лінсе, биыл бұл салаға бөлінген қаражат 29,3 миллиард теңгеге же­ткен. Әңгіме алда тұрған міндеттерге барып тірелгенде министр бірінші кезекте зерттеулерді ұй­ым­дастыру мен өткізуге жаңа тә­сілмен келу қажеттігін атады. Ең бастысы, зерттеу деңгейін, са­па­сы мен нәтижелілігін барынша көтеруіміз қажет деген ол осы­ның жай-жапсарына тоқталды. – Келесі маңызды фактор – ғылым мен білімді біріктіру. Біз бұл туралы көп айтқанымызбен, нақты нәтиже болмаған. Енді сөзден іске көштік деп сеніммен айтуға болады, – деді Бақытжан Жұмағұлов. Форум барысында зерттеу университеті санатын енгізу ма­ңызды кезең екені айтылып, со­ны­мен қатар конкурстық негізде 10 инновациялық бағдарланған жо­ға­ры оқу орны іріктелетіні мәлім болды. Сондай-ақ, ғылыми кадр­ларды даярлау мәселесін де айта кеткен министр ғылыми жетістіктерді сұранысқа ие эконо­мика­лық және әлеуметтік тауарға ай­налдыруға қатысты жұмыс­тарға да тоқталды. Айнаш ЕСАЛИ. Алматы.