28 Мамыр, 2011

Мақсат – тұғырлы тұрақтылық

404 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Елімізде Тәуелсіздіктің ақ таңы атуымен қатарласа Маң­ғыстауда «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігі өмірге келген-ді. Аймақ адамдарын достық пен бірлікке, бауырластыққа баулып отырған орталықтың өкілдері бірлестіктің үйінде сол жылдары Елбасының өзі болып ақ жол тілеп, қолдау көрсеткенін де мақтан етеді. Сол бірлестіктің бүгінгі таңдағы тынысы жайлы оның төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Юсуп ШАХШАЕВТАН сұраған болатынбыз.     Елбасы, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясының Төрағасы Нұрсұл­тан Назарбаев «Тәуелсіз Қазақ­стан – біздің ең қымбат, ең асыл құндылығымыз» деп жиі айтады. Бұл құндылық – кең-байтақ елімізді мекендейтін ұлттар мен ұлыс­тардың бірлігі нәтижесінде берекелі бейбіт мемлекет болуы­мыз­дың, Қазақстан халқының топ­тас­қан­дығының, терең тамыр­лы досты­ғы­ның, патриотизмнің ар­қасында қол жетіп отырған құн­дылық екені дау­сыз. Және де осы бір асыл құндылы­ғымызды көздің қарашығындай сақ­тап, қадір-қа­сиетін терең түсіну бар­шамыздың азаматтық парызымыз екен­дігін зерделей түсудің маңызы зор. Оның осы деңгейде зерделеніп келе жатқаны да рас. Түсіністіктің еліміздегі билік пен Қазақ­стан­дағы этносаралық және конфес­сия­аралық қатынастар саласында қалыптасуы қазіргі әлемдік өрке­ниет тарихында да ерекше ма­ңызға ие. Олай дейтініміз – Қазақ­стан халқы Ассамблеясы толе­рант­тылықты, азаматтық қоғам­ды нығайтып жетілдірудегі мемлекеттік саясат пен қоғамдық бірлестіктер қызметін ел мүддесі үшін то­лыстырып, тоғыстырып отыр. Және де еліміздің татулық пен тұрақты­лықтың мекеніне ай­налуына үлкен үлес қосып келеді. Мұны біз Маң­ғыс­тау облысында Тәуелсіздіктің ақ таңымен қатар елімізде алғаш құ­рылып, оған Елбасының өзі сәт сапар тілеген «Халық бірлігі» қоғамдық бірлестігіне қарасты 20 этно-мәдени бірлестіктердің күнделікті жұмы­сынан анық байқаймыз. Аталған бірлестіктің жұмысы бір­ден ойдағыдай жүріп кетті деу ар­тық болар. Дегенмен, басшы аза­мат­тар­дың көмегі, жалпы ай­мақ хал­қының қонақжайлығы, кең­пейілдігі, береке-бірлікке деген талпынысы жұмысқа серпін, алдағы күнге деген сенім бергені шындық. Осы ретте біраз жылдар бірлестік басшысы бол­ған, аймақтың абыройлы ақсақа­лы, Ақтау қаласының құрметті азаматы Жаздырхан Сейдалиев бастаған ар­да­герлеріміздің еңбек­те­рі атап айтуға тұрарлықтай. Об­лыс әкімінің қол­дауы­мен әкім­дік­тің ғимараты ішінен әрбір этно-мә­дени бірлестікке бар жағ­дайы жасалған жеке-жеке бөлмелер берілді. Басқа да қажетті көмек­тер­ден кенде емес. Осы орайда халық сүйіспеншілігіне бөленіп жүрген Қа­зақстан халқы Ассамблеясы­ның мү­шесі Минзиля Байбулатова басқара­тын «Салават» татар-баш­құрт этно­-мә­дени бірлестігі мен Фатима Биркле жетекшілік ететін   «Алан» осетин этно-мәдени бір­лестігінің, Раиса Маденова бас­қа­ратын рес­публикалық «Қазақстан корейлері ассоциация­сы» облыс­тық филиалы­ның, Құр­банали Ға­зизбеков басқара­тын қырғыздар­дың «Ала-тоо», Эр­гаш Сұлтанов жетекшілік ететін өз­бектердің «Пах­такор» этно-мәдени бір­лестіктерінің  жұмысын ерекше атап айтар едім. Аталған бірлестіктердің бәрі де Ақтауда өтетін қоғамдық-мә­дени іс-шаралардың ешқайсысы­нан шет қал­майды. Халықтар дос­тығының қа­сие­тін дәріптей оты­рып, өз ұлт­та­ры­ның салт-дәстү­рін, тілін жас ұрпаққа үлгі етіп ұсынады. Ортақ үйімізде болаша­ғы­мыз үшін күш-жігермен жұмыс істейтін білімді, белсенді патриоттар тәрбиелеуге үлес қосуды ой­лайды. Жалпы, ұлттық бірлігімізді одан әрі нығайтуға жұмыс­танады. Ендігі бір маңызды мәселе – осыған дейін де айтылып келе жат­қан баршамыз үшін қастерлі, кө­кей­кесті мемлекеттік тіл мәсе­лесі. Ол – барлық қазақстан­дық­тарды жақын­дас­тыра түсетін, адам­дар арасын­дағы сенімді ны­ғайтатын қазақ тілі. Бұл ретте Ақтауда жыл сайын өтетін тіл байқауына, конкурстарға этно-мәдени бірлестіктер мен облыс­та­ғы ұлттар мен ұлыстар өкіл­де­рі­нің белсене қа­ты­­сып, мемлекеттік тілге деген құрмет­терін көрсетулері көңіл қуантады.  Осы жылы еліміздегі саяси нау­қан – президенттік сайлау тұ­сында этно-мәдени бірлестіктер мүшелері Елбасы кандидатурасын  қызу қолдады. Ал күні кеше Астанада өт­кен Қазақстан халқы Ас­сам­блея­сының  ХVІІ сессиясында  Ұлт көш­басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың «Біз 2017 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген қа­зақстандықтар са­нын 80 пайызға, ал 2020 жылға қарай одан да көп пайызға жеткізуді мақсат етіп отырмыз» деген сөзін қуана құп­таймыз. Бұл дегеніміз – жай ғана қазақ тілін меңгеру емес. Мұны өзіміз өмір сүріп отырған елдің та­рихын, мәдениетін, салт-дәс­түрін те­рең біле түсудің жолы деп түсінеміз. Аталған сессияда Ұлт көшбас­шысы 1 мамыр – Қазақстан хал­қы­ның бірлігі күні мерекесі би­ылғы ел тәуелсіздігінің 20 жыл­ды­ғы қарса­ңын­да атап өтілетін үлкен мей­рам­дардың бірі екендігін атады. Сондай-ақ бұл  мереке біздің еліміздің бар­лық этнос­тарын бұрынғыдан да жақындас­тыра түсуге тиіс екенін көлденең тартты. Соған орай біздегі мерекелік шаралар 23 сәуірден бастау алды. Бұл жолы біздер облыс ор­талығында ғана емес, аудан, қала­ларға арнайы дайындалған концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүрлерді, достықты насихат­тай­тын көрмелер мен стендтер жасақ­тадық. Ақтаулық студент-жастар­дың қатысуымен «Бір ша­ңырақтың ас­тында» атты дөңге­лек үстел ұйым­дастырылса, 20 этномәдени бірлестік киіз үй тігіп әзірлеген әр ұлттың қол өнері, ұлттық та­ғамдары байқауы ойдағыдай өтті.   Аты айтып тұрғандай, «Халық келісімі» бірлестігі үшін де ұлт­аралық достық, татулық, түсіністік аса қажет. Өйткені, сонда ғана хал­қымыз аман, еліміз тыныш бола­тынын біз жақсы білеміз. Тәуелсіз Қазақстанның әрбір азаматы ұлты­на, нәсіліне, ұстанатын дініне қара­май, «Менің Отаным – Қазақстан» деп өмір сүрсе, ертеңіміз­дің нұрлы бола­тыны күмәнсіз. Жазып алған  Жоламан БОШАЛАҚ. Ақтау.