28 Мамыр, 2011

Қазақ міне, жүзі жарқын, қолы ашық

343 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Біздің салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, мәдениетіміз заман қанша жерден жаңарғанымен, ұр­пақ ауысып, жаһанданудың елесі қоғамды даңғаза әуенге еліткенімен, асылды тат баспайтыны, сырлы аяқтың сыры кетсе де сы­ны кетпейтіні сияқты  сол күй­ін­де сақталып келеді. Өйткені, сол құндылықтар өшкен күні біздің  ұлттық, өзіндік ерекшелігіміз бен бет-бейнеміз де жойылады. Кез келген мәдени шара барысында ұлттық киім киіп, ізетпен иіліп қонақтарды күтіп алатын қыздар мен шашу шашатын әжелердің, сондай-ақ домбыраға қосылып арнау өлең айтатын ақындардың, микрофонсыз-ақ қозы көш жерге же­тетін дауысы бар дәстүрлі әншілердің болуы жәй әншейін көз алдарқататын көрініс емес, басқаны қайталамайтын даралы­ғы­мыз, шараға жиылатын қонақ атаулыға құрметіміз.  Осы күн­дері елордада өтіп жатқан Дү­ние­жүзі қазақтарының ІV құрылтайы аясында да сол ежелгі салт-дәс­түрден, әдет-ғұрыптан жаңыл­май, делегация құрамындағы бар қазақтың  басын қосатын дәстүр­лі мерекелі мәдени шара ұй­ым­дастырылды. Оның басы-қасын­да Президент Әкімшілігі мен елорда әкімдігі өкілдері жүрді. Есілдің сол жағалауындағы ең бір көрікті жерде «Атамекен» этномемориалдық кешені бар. Сол кешеннің аумағына жиырма шақты киіз үй тігілді. Киіз үйдің дастарқанына қазақтың дәстүрлі тағамдары қойылып, қонақтарға қонағасы тартылды. Ал осы мезетте сыртта концерт өтіп жатты. Шеттен келген қандастарымыз, ең алдымен қазақтың сырға салу, құда түсіп, құйрық-бауыр асату  сияқты дәстүрін тамашалап бір жасап қалды. Бұл құда түсу дәс­түрін шеттегі ағайын назарына ұсынудағы мақсат – әрбір мемлекетте тұратын қазақ­тарға қазақ­тар­мен құда болу ар­қылы бір-біріңе жақындай түсің­дер, қазақ­тықты сақтаудың қа­мын жасап жүріңдер деген ойды айту деп білеміз. Іле-шала аяғын енді ғана апыл-тапыл басуға жарап қалған кіп-кішкентай ботақан Шұғыла­ның тұсауы кесілді.  Содан кейін сахнаға көтерілген төрт жігіт, яғни Астана қаласы мемлекеттік филормониясының өнер­паз­дары «Алаш туы астында» атты пат­риоттық рухтағы жырды алма-кезек оқып, қонақтарды бір серпілтіп тастады. Осы мәдени шарада Астана қаласы мемлекеттік фи­лор­мониясының «Сарыар­қа» ұлт-аспаптар ансамблі мен «Наз» мемлекеттік би ансам­блі­нің өнер­паздары Аппақтың, Бір­жанның, Ақан Серінің, бас­қа да халық ән­дерін, сон­дай-ақ Ықы­лас, Құр­манғазы, Сүгір, Тәттім­бет күй­лерін шал­қыта орындап, «Ақ қаз», «Қуаныш», «Шалқы­ма» билерін мың бұрала биледі. Шараның соңын ала қонақтар «Атамекен» этномемориалдық кешенін аралап, еліміздің түкпір-түкпіріне экскурсия жасады.  Айгүл СЕЙІЛОВА.