28 Мамыр, 2011

Жасыл алаңда – жас қазақ

445 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше елімізде Дүниежүзі қа­зақтарының IV құрылтайы ая­сында мәні мен маңызы жағы­нан айтарлықтай шара өтті. Астандағы Қажымұқан Мұ­ңайт­пасұлы атындағы Орта­лық стадионда тұңғыш рет құ­рылтайға қатысушылар ара­сын­да футболдан турнир ұй­ымдастырылды. Туризм және спорт министр­лігінің ұйымдастыруымен өткен бұл спорттық шараға кешегі қиын-қыстау кезде шет ел асуға мәжбүр болған қандастарымыз­дың ұрпақтары ішінен Еуропа қазақтарының біріккен команда­сы, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Қытай, Түркиядағы ағайындар­дың құрамалары мен Қазақстан­ның жас аяқдопшылары қаты­сып, бақ сынасты. Турнирдің ашылу салтана­тын­да Дүниежүзі қазақтары қау­ымдастығы Төрағасының орын­ба­сары Талғат Мамашев, Қазақ­стан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімі меңгерушісінің орынбасары Әлі­бек Асқаров, Туризм және спорт министрлігі Спорт істері жө­нін­дегі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов пен басқа да азаматтар футбол жарыстарының мәні мен маңызын, олардың қазақ жастары арасында достық қарым-қатынас­ты, бауырмалдық пен ынтымақ­тас­тықты қалыптастыратынын ай­тып, қазіргі кезде мұндай турнирлер Еуропа қазақтарының кіші құрыл­тайы кезінде өткізі­летінін атап өтті. Одан әрі спорт мерекесінде «Сарыарқа» ұлттық аспаптар ансамблі мен «Еркес» балалар ұжымының қатысуымен концерттер қойылып, дәстүрлі ұлттық спорт түрлерінен ойындар көр­се­тілді. Онда асық ату, тоғыз­құмалақ, қазақ күресін құрылтай қонақтарына насихаттау мақса­тын­да ұлттық ойындардың ережелері қазақ және ағылшын тілдерінде таратылып берілді. Осы кезде Елсияр Қанағатов бола­шақ­та тек футбол ғана емес, басқа да спорт түрлерінен жарыстар өт­кізу жоспарланып отырғанынан хабардар етті. Осы турнирдің жартылай фи­налынан бастап қатысқан Қа­зақ­стан құрамасы ширек финалда Түркия қазақтарының алдын ораған оңтүстіктегі көрші елдегі ағайындардан жеңіліс тапты. Сөй­тіп, екі кездесуде қарсы­лас­та­рын ұтқан Өзбекстан қазақтары финалға жолдама алды. Ал олардың қарсыласы Ресей мен Еуропа командалары арасында өткен ойында анықталды. Бұл матчта Ресейдің Омбы, Саратов, Орынбор, Алтай өлкесі мен басқа да қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарынан құралған команда еуропалық бауырларынан 2:0 есе­бімен басым түсті. Осы ой­ын­да алғаш рет 11 метрлік айып до­бы берілді. Оны Азамат Жұматов орындады. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Қазақстан құ­ра­масы Еуропа командасын 2:0 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болса, аса қызықты және тар­тым­ды негізгі уақыттағы есеп 1:1 болып аяқталған финалда Ресей құрама­сы Өзбекстандағы ағайын­да­рын 11 метрлік пенальтиде жеңіп кетті. Сөйтіп, таңертеңнен кешке дейін созылған алғашқы турнир мәресіне жетіп, жеңімпаз бен жүлдегер командалар ұйым­дасты­рушылар тарапынан бағалы сыйлықтарға ие болды. Осы турнирдің үздік шабуылшысы болып Еуропа командасының мүшесі Емре Залын атанса, үздік қақпашы атағына Нұрсұлтан Рүс­тембеков (Ресей), үздік қорғаушы атағына Дархан Көшербаев (Қа­зақстан) ие болды. Ал жарыстың ең үздік ойыншысы болып Руслан Әбішев (Өзбекстан) танылса, Мехмет Әлпер Калкан (Түркия) жеңіске деген жігерлілігі үшін дипломымен марапатталды. Дастан КЕНЖАЛИН.