27 Мамыр, 2011

Мәнді мәселелер сөз болды

473 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Елордада өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтары IV құрыл­тайының делегаттарымен дөңгелек үстел кеше Білім және ғылым министрлігінде өтті. Алғашқы сөзді министр Ба­қыт­жан Жұмағұлов алып, құ­рыл­тайдағы Елбасының берген тапсырмасы аясында атқары­ла­тын жұмыстарды нақтылап жат­қа­нын айтты. Ол сонымен қатар, тәуелсіздік алғаннан бергі жыл­дар ішінде білім мен ғылым сала­сы бойынша атқарылған жұмыс­тар мен алда тұрған міндеттерге де тоқталып өтті. Әсіресе, 2011-2020 жылдарға арналған жаңа білім бағдарламасы бойынша жұ­мыс жоспарларына мән берді. Елордадағы «Назарбаев Универ­си­тетінің» кемел келешегі жайлы да сөз қозғап, «Болашақ» бағдар­ламасымен шетелдерде маман дайындау ісіне тоқталды. Дүниежүзі қазақтары қауым­дас­тығы Төралқа төрағасының бірінші орынбасары Талғат Мамашев шетелдердегі қазақ мектептері, қазақ тілінің жайы, оқу­лық мәселесі, шет елдерде оқып жатқан студенттер туралы өз байламын алға тартты. Түр­кия­дан келген ғалым Әбдуақап Қара алыс және жақын шет елдерде тұратын қандастар туралы өз ойын тарата келіп, өзге мемлекеттердегі қазақ ғалымдарымен Қазақ елі оқымыстыларының қа­рым-қатынасын нығайту, басқа мемлекеттерде тұрып жатқан жас­тардың тілінен айырылып бара жатқанын, оларды Отанына тарту мәселесін қозғады. Қытай мемлекетінен келген бауырымыз, қоғам қайраткері Сұлтан Жанболатов ол жақтағы ағайындардың жағ­дайы­нан жан-жақты хабардар етіп, жастардың атажұртына кел­генде екі мақсатты алға қоя­ты­нын, оның біріншісі – білім алу болса, екіншісі – осында қалу екенін де бүгіп қалмады. Бір замандардағы КСРО-ның сая­саты сияқты Қытайда қостілділік қанат жайып бара жатқанын, негізінен қытай тілі бел ала бас­тағанын айтып, бірте-бірте жас­тар­дың сіңіп кетпеуін ойластыру керектігін назарға салды. Сол секілді Өзбекстаннан келген қанда­сы­мыз, профессор Бәкір Серікбаев та әріптестері айтқан мәсе­ленің Өзбекстанда да бар екенін, осыдан 5 жыл бұрын 750 қазақ мек­тебі болса, қазір 541-ге азай­ғанын айтып, жас қыздардың өзбек жігіттеріне тұрмысқа шы­ғып жатқанына қынжылыс білдірді. Қазақ мектебін бітіргенмен, жоғары не орта оқу орнына түсу үшін өзбек тілінде емтихан тапсыратынын жеткізді. Әлемнің төрт бұрышынан кел­ген қандастарымыз жарыса сөз алып, үлкен мәселелерге мән берді. Айталық, Ресейге жіберіп жатқан оқулықтарымыз ол жақта сараптаудан өткеннен кейін ғана мектептерде оқуға рұқсат беріледі екен. Кейбір оқулықтардың 2009 жылдан бері сараптаудан қай­тпай жатқанын, осындай мә­се­лелерді мемлекеттік дәрежеде шешсе деген тілектерін тілге тиек етті. Әрине, оның бәрін шағын мақалада қамту мүмкін емес. Ал­дағы уақытта таратып жазу ойы­мызда бар. Дөңгелек үстелді қорытқан Бақытжан Жұмағұлов, шетелде жүрген бауырларына ризалығын жеткізіп, алға тартылған пікір­лер­дің назарға алынатынын, қа­зақ ғалымдарының арасындағы байланысты, профессорларды жоға­ры оқу орындарына шақыру шешілетінін, жастарға қатысты проблемалар да орындалатынын атап өтті. Ал шет елден ми­нис­трліктің өкілдігін ашу мәселесіне келгенде, қазір 10 елде ғана ондай құрылымның барын, бола­шақта ол да ойластырылатынын жеткізіп, Ресейден келген қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұ­ға­лімі Нұрғайша Бариноваға Ы.Ал­тынсарин төсбелгісін тапсырды. Сүлеймен МӘМЕТ.