27 Мамыр, 2011

Қанағаттанарлық жауап алды

473 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Дүниежүзі қазақтарының құрылтайына қатысуға келген қандастарымыздың Ауыл шаруашылығы министрлігі жау­ап­ты қызметкерлерімен өткен дөңгелек үстел басындағы кездесуінде оларды толғандырып отырған бірқатар мәселелерге нақ­ты жауаптар берілді. Дөңгелек үстелді ашып жүр­гіз­ген Ауыл шаруашылығы ми­нис­трінің орынбасары Марат Ора­­заев сөз тізгінін қаралып отыр­ған мә­се­ле­лерге аударды. Мұнда қан­дас­тарымыздан түскен сауалдар ал­дын-ала жинақталып, оған жауап беру үшін қажетті лауазымды тұлғалар шақырылған екен. Алғашқы үш сауал «Нұрлы көш» бағдарламасына Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі қандай деңгейде қатысады деген тақы­рып­қа арналыпты. Оған жауап берген Ауылдық аумақтар істер жөніндегі комитет төрағасы Санат Тұңғышбеков «Нұрлы көш­тің» негізгі үйлестірушісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі екендігін айта келе, Ауыл шаруашылығы министрлігі осы бағдарламаға қатысатын Қа­зақ­стан Республикасы азамат­та­ры­ның көші-қон мәселесін қарас­ты­ратындығын айтты. Сондық­тан осы сауалға байланысты ту­ын­даған бірнеше өтініш пен мәселе аталған министрлікке жол­данатын болды. Сондай-ақ қандастарымызды репатрианттарды ауылдық жерге бейімдеуге арналған нақты жоспар бар ма, дипломмен ауылға барған оралман жастарға қандай қамқорлық көрсетіледі деген сұ­рақ­тар да толғандыратын болып шықты. Бұл сұрақтарға берілген жауапта осыдан біраз уақыт бұрын Елбасының тапсырмасымен дип­ломмен ауылға барған әлеу­мет­тік сала қызметкерлеріне 70 ай­лық есептік көрсеткіш (100 мың теңгенің үстінде) көлемінде бір реттік көтерме жәрдемақы беру, сонымен қатар үй сатып алу­ла­ры­на 15 жылдық мерзімге сый­ақы ставкасы бар болғаны 0,1 пайызды ғана құрайтын жеңіл­дік­ті несие беру мәселесі заң негізінде шешілгені айтылды. Осы жеңілдікті қазіргі күні дипломмен ауылға барған оралман жастар да пайдаланып отыр екен. Мә­селен, Солтүстік Қазақстан об­лысында – 18, Шығыс Қазақ­стан облысында – 7,  Маңғыстау облысында  14  оралман жастың осындай қамқорлыққа ие бол­ған­дығы нақты деректермен келтірілді. Мұндай қамқорлық басқа облыстарда да жасалуда. Осы ретте Өзбекстаннан келген қандасымыз қазіргі күні дип­ломмен ауылға барған жас­тар­дың арасында жоғарыдағыдай қам­қорлыққа тек әлеуметтік сала қызметкерлері ғана ие болып, ал шаруашылықта еңбек етуге ба­ру­шылар одан тысқары қалған­ды­ғын айтып, енді осындай шара агрономдарға, зоотехниктерге, ин­женерлерге де көрсетілсе деген ұсынысын жеткізді. Бұған берілген жауапта жо­ға­рыдағы тізімге ауылдағы сұра­ныс­қа байланысты мал дәрі­гер­лері енгізілгендігін, мұнан кейінгі кезекте агрономдар мен фитосанитария қызметкерлері және басқа да мамандық иелері тұр­ған­дығын, осылайша бұл мәселе жергілікті жердегі  жеке ша­руа­шылық иелерімен келісім негізінде  одан әрі шешіле беретіндігі айтылды. Оралмандар жоғарыдағы заң аясында ауылға барғандарға мал мен жер де берілсе деген өті­ніш­терін жеткізді. Министрліктегілер заң бойынша  ауылға барған­дарға мемлекет өз тарапынан тиісті қаржылай көмекті беретіндігін, сонымен қатар кейбір жерлерде жергілікті билік органдары соған қосымша ретінде мал мен жер де беріп жатқандығын жеткізді. Сөйтіп, бұл мәселе негізінен алғанда жергілікті атқару органдарының құзырына жата­тындығы түсіндірілді. Моңғолиядан келген қандас­та­рымыз өздерінің Қазақстанға мал алып өткілері келетіндіктерін айт­ты. Бұл өтінішке берілген жауапта аталған мәселенің көп­тен бері қарастырылып келе жат­қандығы, алайда оған Ресейдің қатысуымен үшжақты келісім негізінде ғана қол жеткізуге бола­тын­дығы, ал әзірге бұл мәселеге Ресей тарапы­ның Моңғолияда түрлі мал ауру­лары көп екендігін айтып, оларды өз жеріне өткізуге рұқсат бермей келе жатқандығы түсіндірілді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.