27 Мамыр, 2011

Көп айтылған нәрсе – виза

331 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде «Репатрианттарды әлеуметтік қолдау: тәжірибе, сабақ және мәселелер» деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Еңбек және халықты әлеумет­тік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетов атажұрттағы алқалы жиынға қатысушы делегаттарға алдымен министрлік жұмысын таныстырып өтті. Бұдан кейін ол былтырғы жыл­дың қазан айына дейін көші-қон мәселесімен біздің министрлік айналысқан болса, енді ол Ішкі істер министрлігінің құзыре­ті­не ауысты. Алайда, әуелде өзі­міз қолға алғандықтан, еліміздің «Кө­ші-қон туралы» заңының жо­басы бойынша жұмыстарды иелігімізден шығарған жоқпыз. Қазір ол Парламентте қаралуда дей келіп, аталған заң жобасындағы өз­герістерді шолып өтті. Атап айт­қанда,  жаңа жоба бойынша егер оралман елдің солтүстігіне келіп қоныстанамын десе, онда ол оң­түс­тікке қарағанда екі жарым есе­дей көбірек қаражат алмақ. Ал орталыққа келушілер оңтүстікте­гі­лерден 70 пайызға көбірек ала­тын болады. Өйткені, оралмандар көбіне қысы жайлы оңтүстік өңір­лерге келуге пейілді, ал біз­дің жеріміз болса ұлан-байтақ, сондықтан қазағы азырақ сол­түс­тікті шеттен келген бауырлары­мыз құтты мекен етсе, ел іргесі бекіп, ырысымыз молая түспек деген ол  заң жобасындағы тағы бір жақсы жаңалықты жария­ла­ған. Яғни, вице-министрдің ай­ту­ын­ша, енді шеттегі бауырлар құ­жаттарын біздің елшіліктер арқы­лы өткізе алатын болыпты. Бар­лық рәсімдер өткізіліп болғаннан кейін, шақырту алған оралман­ның бұрынғыдай күтуге кететін уа­қыты азаяды, біз сол жағдай­лар­ды да заңмен реттеуді ойлас­тыр­дық деген ақпарат шеттен кел­ген туыстардың көңілдеріне жаққандай. Сондай-ақ ол біз сіздердің барлық  сауалдары­ңыз­ға жауап беруге әзірміз, ми­нистр­ліктің барлық жауапты адамдары осында отыр. Пі­кірлеріңіз осын­да, айтылған жерінде қалып қой­май­тына, оның діттеген жеріне жететініне уәде беремін, қысыл­май еркін әң­гімелесейік деп құ­рыл­тай де­легаттарын ашық әңгі­меге ша­қырды. Сөйтіп, бұл жиында оралман­дар­дың үй-жаймен қамтамасыз етілуі, мамандықтары бойынша жұмысқа орналаса алмау жағдай­лары, орыс тілін білмеуіне байла­ныс­ты кедергілерге кездесуі сын­ды бұрыннан айтылып жүрген мәселелермен қатар, көптеген ұсы­ныстар да ортаға салынды. Мә­селен, Ираннан келген ағайын өзінің техникумда сабақ берумен бірге құс фермасы барлығын, ал елге келіп, кәсіпкерлікпен айна­лысуға қорқа соғатынын алға тартты. Мысалы, шет елде несие алып, кәсіпорын ашқан адамға 5 жылға дейін төлем қайтары­лудың шегерілетінін айтқан ол елге оралсақ осындай жеңіл­дік­тер беріле ме деген сауал тастаса, Австралиядан келген туыс: «Біз алыста елді аңсап жүреміз. Бірақ бізге елге келіп-кету қиынға соғады. Өйткені, алдымыздан виза мәселесі шығады. Неге ұлты қазақ азамат елге келуге қинала­ды? Осы мәселені жеңілдетуге болмай ма деп осындағы біраз жұрт­тың көкейіндегі сұрақты алға тартты. Дөңгелек үстелге қатысу­шы­лар әңгіме соңында бірнеше тар­мақтан тұратын ұсыным қа­был­дады. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.