27 Мамыр, 2011

Мұнда кәсіпорын ашу қиын

396 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астана қаласында өтіп жатқан Дүниежүзі қазақтарының ІV құ­рылтайы аясында 35 елден келген бауырларымыздың қаты­суы­мен бірқатар министрліктерде дөңгелек үстелдер болып өтті. Соның бірі «Қазақ диаспора­сы­мен бизнес ынтымақтастығы» тақырыбында Экономикалық даму және сауда  министрлігінде өтті. Оған Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат Құсайынов, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ вице-президенті Бекжан Қалибеков және шет елден келген кәсіпкерлер қатысты. Алдымен вице-министр қыс­қа­ша Қазақстанның экономика­лық дамуына тоқталып өтіп, оны дамыту барысында қабылданып жатқан заңдар мен мемлекет та­ра­пынан көрсетілетін көмек ту­ралы айтып берді. Алайда алыстан келген бау­ыр­ларымызды ШОБ-қа мемлекет ішінде жасалып жатқан қамқор­лық­тан өзге, шет елден келетін кә­сіпкер қазақтарға қандай же­ңіл­діктер жасалатындығы қызық­тырды. Экономикалық даму және сауда министрімен кездесе алма­ған­дарына реніштерін жеткізген олар өз ойларын ортаға салды. Өйткені бұл құрылтайға еліміздегі барлық ісімізді тастап келгендегі мақсат ішіп-жеп қайту емес, Елбасы айтқандай, нақты іс­терге қол жеткізіп қайту. Соны­мен қатар ыңғайы түссе, Қазақ­стан­мен іскерлік әріптестікті жол­ға қою ойда бар. Әрине, құ­рыл­тайда өткен қысқа уақыт ішінде бірталай іс тындырып алу құрғақ сөзбен біте қоймас, бізге нақты мәселе шеше алатын кісі керек, дейді олар. Мысалы Франциядан келген Мехмет Зенгин есімді кәсіпкер қандасымыз мынадай уәж келтірді. Менің Францияда, Италияда, Түркияның 4 қаласын­да үлкен-үлкен тоқыма өндірісім, дүкендерім бар. Бұл салада 30 жылдық тәжірибем бар. Еуро­па­ның кез келген еліне бизнес ашу­ға барсаңыз, қуана-қуана қарсы алады. Өйткені игіліктеріне жа­рай­тынын біледі. Алайда мен мұны Қазақстанның бір қаласы­нан аша алмай отырмын. Іс бастау қиын. Неге? Мен ақша сұрап отырған жоқпын ғой. Мен жай ғана жол ашып беруді сұраймын, әрі қарай өзіміз әкетеміз.   Францияда құжаттарыңызды екі күнде бітіріп береді. Түркияда да солай. Әлем экономикасы да солай. Біз делдалсыз істегіміз келеді. Оның үстіне ақшадан тарығып отырға­ны­мыз жоқ. Әйтпесе алтын шық­қан жерді белден қазып, сырт елде жүре беруші едік қой. Алайда Қазақстанға шын жүрегімізден не істей аламыз, не бере аламыз деген ой мазалайды. Құрылтайға да осы мақсатпен келдік, дейді Мехмет Зенгин. Дөңгелек үстелде кәсіпкер­лік­ті ашу ісінің үлкен мәселе екендігі айқын болды. Мұны Қытайдан, Германиядан, Өзбекстаннан келген бауырлар бірауыздан мақұл­да­ды. Ешқандай делдалсыз, тікелей мемлекетпен жұмыс істеуді жөн көретін бауырластар кедер­гі­нің көп екендігіне қынжылады екен. Венера ТҮГЕЛБАЙ.