27 Мамыр, 2011

Білікті ұстаз – сапалы білім негізі

4347 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Мектептегі басты тұлға мұғалім екендігі белгілі. Тіпті қазіргі технологиялар ерекше дамыған заманның өзінде білім сапасын қамтамасыз етудегі мұғалім рөлін ешнәрсемен ауыстыруға болмайтындығын халықаралық тәжірибелер  көрсетіп отыр. Демек, мұғалім біліктілігі, бұл  еліміздің бүкіл білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғышарты, басты кепілдігі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білімді мұға­лімдер, жан-жақты кемел ұстаздар ғана тәр­биелеп шыға алады. Сондықтан да біздің бүгінгі жылдан-жылға алға басқан қоғамы­мыз­дың ең  көкейкесті мұраттарының бірі болып отырған білімді педогог кадрларды әзірлеу және қалыптастыру мәселелері, соның ішінде ұстаздар біліктілігін жүйелі арттырып отыру жолдары осы аптада өткен Үкімет отырысында жан-жақты талқыланды. Осы талқылаулар барысында ендігі уақытта осы істің жаңа жүйесі енгізіліп, қалыптастыры­латындығы белгілі болды. Ал бұл дегеніңіз, ұзақ жылдардан бері бірте-бірте жүргізіліп келе жатқан еліміздің білім саласындағы реформалық шараларды одан әрі тереңдете түсу деген сөз.

Аталған мәселе жөнінде баяндама жасаған Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма­ғұлов пен «Назарбаев интеллектуалдық мектептері» АҚ басқарма төраймы Күләш Шамшиденова министрлік пен акционерлік қоғам бірлесе отырып әзірлеген мұғалімдер біліктілігін арттырудың тұжырымдамалық жобасын ортаға салды.

Бұл тұжырымдама жобасы педагог кадр­ларды әзірлеу ісіне қатысы бар мектептен бастап, педагогикалық жоғары оқу орындарының бакалаврлық, магистрлік сатыларын және жоғары оқу орнынан кейінгі білімін көтеру, біліктілікті арттыру жүйелерін, сонымен қатар жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамының сапалық деңгейін тегіс қамтымақ. Яғни жобаны әзірлеушілер бүкіл білім беру жүйесін тиісті сатыларға бөле отырып, ұстаздар сапасын арттыру мәселесіне сан түрлі бағыттар бойынша кешенді түрде келген. Мұны тұжырымдама жобасын әзірлеудің жүйелі де тиімді қыры деп атап көрсетуге әбден болатындай.

Жобаны әзірлемес бұрын педагог кад­р­лар­ды даярлау мен олардың біліктілігін артты­руда жоғары нәтижеге жеткен Финляндия, Ұлы­британия, Сингапур, Жапония, Оңтүстік Корея және АҚШ секілді елдердің тәжіри­белері жан-жақты зерттелінген. Сонымен қатар, тұ­жы­рымдаманы әзірлеу ісіне бірқатар білікті шетелдік сарапшы мамандар да тартылған. Осының негізінде еліміздегі педагог кадр­лар­ды әзірлеу және олардың біліктілігін арт­тыру жүйелерінің кемшіліктері шы­найы түрде тал­данып, оларды дұрыс жолға қоюдың әдіс-тә­сіл­дері мен бағыттары айқын­далған. Мұның бәрі тұжырымдама жобасына енгізілген. Енді біз осы мәселелерге жеке-жеке тоқталып көрейік.

ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫ ӘЗІРЛЕУ

Қазіргі күні еліміздегі мұғалімдерді әзірлеу ісімен 23 мамандық түрі бойынша 85 жоғары оқу орны шұғылданады. Олардың 7-еуі ұлт­тық, 23-і мемлекеттік, 55-і жекеменшік жоғары оқу орындары.

Осылардың барлығында еліміз бойынша жылына 34 мыңға жуық мүғалім әзірленеді. Жалпы оқып жатқандардың саны 106 мың адам. Ал білім беру мекемелері ең әрі кеткенде жылына 10 мыңға жуық кадрды жұмысқа қабылдайды. Соның ішінде елуден астам же-кеменшік жоғары оқу орнының 35-і ең әрі кеткенде 10 пән бойынша ғана мұғалімдер әзір­лейді. Міне, рынокта сұраныс жоқ басы артық мамандардың қалай пайда болатын­дығын осы талдаудан-ақ көруге болады.

Бакалавр деңгейіндегі оқытушыларды әзір­леу­ге берілетін мемлекеттік тапсырыстың көлемі 8 375 адамды, ал магистранттарды әзірлеудегі мемлекеттік тапсырыс көлемі 720 адамды құрайды. (Яғни магистрлар әзірлеу ісіне көп көңіл бөлінбей келгендігі байқалады). Оларды әзірлейтін пе­дагогикалық жоғары оқу орындарындағы мұ­­ғалімдердің саны – 9 175. Олардың 1 643-і немесе 18 пайызы ғана шет тілінде сөйлей алады.

Педагогикалық оқу орындарындағы про­фес­сорлық-оқыту­шылар құрамының 29,9 па­йызында ғана ғы­лым докторы және кан­дидаты ғылыми атақ­тары бар. Педаго­ги­калық оқу орында­ры­ның қазіргі жағ­дайы халық­аралық талаптармен сәйкес келмейді.

Сонымен, қорыта айт­қанда, педагоги­ка­лық оқу орындары шы­­ға­­ратын түлектер­дің білім жөніндегі әзірлігі еліміздің қа­зіргі эко­но­ми­калық даму қар­қы­нына, соны­мен қа­тар, ең бастысы, Қа­зақстан мектептері қажет етіп отырған білім беру сапасына сәй­кес емес.

Міне, осы жағ­дай­ды түбегейлі өзгер­ту үшін Білім және ғы­лым министрлігі та­рапынан бірқатар жү­йе­лі шараларды енгізу жөнінде ұсыныс жаса­лып отыр. Бұл қандай шаралар?

Бірінші. Педа­гоги­калық жоғары оқу ор­нының абитуриентіне оқуға түсер алдында оның әзірлігі жөнінде қойылатын талапты, сонымен қатар осы оқу орнының студентіне қойылатын стандарттық талапты айқындау. Абитуриенттің осы білім саласына психоло­гиялық әзірлігін, педагогикалық білімге деген дағдысы мен ыңғайын айқындайтын емтихан­дарды енгізу.

Екінші. Үздік студенттерді тарту үшін педагогикалық мамандық бойынша берілетін гранттардың қаржылық құнын 30 пайызға, ал студенттер стипендиясын екі есе ұлғайту.

Үшінші. Студенттердің әзірлену бағытын практикамен ұштастыру үшін «педагогикалық жоғары оқу орны  – инновациялық мектеп» кешенін қалыптастыру.

Төртінші. «Назарбаев университетінде» Кем­бридж университетінің қатысуымен «Білім беру» факультетін ашу. Мұнда педагогика­лық жоғары оқу орындарының біліктілігін көтеру курсы халықаралық стандартқа сәйкес ұйымдастырылатын болады.

Бесінші. «Болашақ» бағдарламасы бойын­ша педагогикалық мамандықтар жөнінен магистранттар әзірлеу. Бұл іс биылдан бастап қолға алынады.

Алтыншы. Ұзақ мерзімді болашақта педа­гогикалық интернатураны енгізу, оның алдына педагогикалық жоғары оқу орындары түлек­терінің теориялық білімі мен практикалық дағдыларын тереңдету, өздері қалаған маман­дығы бойынша дербес кәсіптік қызметке әзірлігін көтеру талабы қойылады.

Бақытжан Жұмағұлов өз сөзінде мұғалім­дерді әзірлеуге берілетін мемлекеттік тапсы­рыстың арасалмағында бакалаврлар үлесін азайту есебінен магистрлар әзір­леуге мән беру қажеттігін айтып, осыған орай олардың санын жылына 4 мыңға дейін жеткізуді ұсынды.

Сондай-ақ, даярлық сапасы тө­мен және еңбек рыногында басы артық мұғалімдердің пайда болуына әсер етіп отырған жо­ғары оқу орындарының санын қысқарту жайында да әңгіме болды.

Міне, осы белгіленіп отырған шаралар алдағы уақытта педагог кадрлардың әзірлігін арттыруға елеулі әсер етеді деп күтілуде.

ПЕДАГОГ КАДРЛАРДЫҢ БІЛІКТІЛІГІН КӨТЕРУ

Қазіргі күні елімізде мұға­лімдердің біліктілігін көтеру ісімен Білім беру жүйесіндегі бас­шы кадрлардың біліктілігін кө­теру жөнін­дегі республикалық институт пен облыстар­дағы 16 мұғалім біліктілігін көтеру инс­титут­тары, педагогикалық жо­ғары оқу орындары­ның қасын­дағы 5 орталық шұғылданады. Бұл жүйеде 1606 маман жұмыс істейді. Олардың 20-сының ғылым докторы, 123-інің ғылым кандидаттары атақтары бар.

Осы оқу базасында жылына 80 мың мұғалім өз біліктіліктерін көтеріп келеді. Бір тыңдаушы үшін курстың өзіндік құны 27 мың теңгені құрайды. Соның ішінде өңір­лердегі олардың құны 17 мың теңгеден 56 мың теңгеге дейінгі аралықта қалыптасып отыр.

Ұзақ жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан мұғалімдер біліктілігін арттырудың бұл жүйесі көптен бері өзгеріске түскен жоқ. Яғни, жаңа талаптардан артта қалғандығы сезіледі. Олардың материалдық-техникалық жә­не оқу-әдістемелік базасы төмен. Инновация­ны алдын-ала, яғни уақыттан оза отырып  қалыптастыру жөніндегі жұмыс мүлдем жоқ десе де болады. Сонымен қоса онда жұмыс істейтін әдіскерлердің жала­қылары төмен. Білім беру саласындағы басшы кадрлардың біліктілігін көтеру ісімен айналысатын жоғары дең­гейдегі институт пен мұғалім біліктігі ісімен айналысатын өңірлердегі институттар арасын­да өзара іскерлік байланыстар нашар. Былай­ша айтқанда, педагог кадрлардың біліктілігін көтерудің қазіргі жүйесі артта қалғандығы, оның күннен-күнге өзгеріп отырған заман тала­бына жауап бере алмайтындығы және өзгеруге икемсіз екендігі әбден айқындалып отыр.

Осыған орай бұл жүйені уақыт талабы­на сәйкес қайтадан құ­ру, оған өзгеріске бейімділік сипатын да­ры­ту қажет болуда. Осы үшін Білім және ғылым министрлігі бас­қа да тиісті қызметтер­мен және сарапшылар­мен бірлесе отырып, бірқатар шаралар кешенін әзір­леді. Ол қан­дай шаралар?

Бірінші. Назарбаев интеллектуалдық мектептері базасында пе­да­гогикалық шеберлік орталықтарын құру ұсы­нылады.

Екінші. Жоғарыда сөз болып отырған педагог кадрлар біліктілігін арттыру инсти­туттарын төменнен жо­ғары қарай тікелей ба­ғыныста болып келетін акционерлік қо­ғамға біріктіру ісі жү­зеге асырылады. Педа­гогика­лық институт­тардың қасындағы ор­талықтар одан әрі жетілдіріледі.

Бұл жаңа жүйенің басты ерекшелік­тері­нің бірі ретінде мұға­лімдер біліктілігін арт­тыру жөнінде ендігі кезекте бірыңғай тұ­жырымдамалық әдіс қолданылатын­дығын айтуымыз керек. Осы үшін әлемдік тә­жірибе мен қазіргі заманғы мектептердің талаптары ескеріле отырып деңгейлік курстардың та­қырып­тары жеті модуль бойынша анық­талатын болады. Олар: білім берудегі жаңа педагогикалық технологиялар; сы­ни ойлау жүйесі; оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау өлшемдері; орта білімдегі менеджмент және 12 жылдық оқытуға көшу жағдайындағы құзы­реттілік негізде оқыту; ІСТ, «e-learning» оқытуды пайдалану; дарынды балалармен жұмыс істеудің қазіргі заманғы технологиялары.

Курстық әзірліктен өтіп, біліктілік емтиха­нын тапсырған мұғалімге тиісті сертификат тапсырылады. Біліктілік емтиханын тапсыра алмаған мұғалімге оны қайта тапсыру мүмкін­дігі ұсынылады.

Таяудағы 5 жылдың ішінде жалпы білім беретін мектептердегі мұғалімдердің 50 пайыз­ға жуығы осындай деңгейлік курстардан өтетін болады.

Мұнан кейін «Білім беру туралы» қазіргі заңда белгіленген біліктілікті бес жылда бір рет көтеріп отырудың орнына Ұлыбритания, Жапония және басқа да дамыған елдердің тәжірибелеріне негізделген  мұғалімдердің жыл сайынғы міндетті түрдегі екі апталық әзірлік курстарын енгізу жоспарланып  отыр.

ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ МЕКТЕПТЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕЛЕРІН ТАРАТУ

Осы мақсатта оқушыларға арналған жылы­на 136 сағаттық «Интерактивті online дәріс­тер» жобасы әзірленіп жасалған. Осы үшін электронды оқытудың халықаралық тәжірибе­лері зерттелінді.  Осының нәтижесінде ELP (sabak.kz) порталы әзірленді. Бұл портал дәрістер беру үшін пайдаланылады. Осының негізінде интеллектуалдық мектептердің оқы­ту тәжірибелері таратылатын болады.

Сонымен қатар жылына 48 семинардан тұратын мұғалімдерге арналған «Интерактивті online семинарлар» жобасы әзірленді. Семинарларды көрсету www.sabak.kz білім беру сайты базасында жүзеге асырылатын болады. Семинарлардың тақырыптары «Сыни бағалау», «Сыни ойлау» және басқа да өлшемдер негізінде жүргізіледі.

Осы шаралардың барлығы қосыла келіп, ұстаздар біліктілігін арттырып, орта білім беру жүйесінің жағдайы мен тиімділігін жақсартады, білім саласында өзгерістерді енгізуге мүмкіндік береді, ақырында осылардың нәтижесінде оқушылардың білім сапасы едәуір дәрежеде арта түседі деп күтілуде.

«Білікті ұстаз – сапалы білім негізі» деп аталатын осы тұжырымдама жобасын жүзеге асыру үшін алдағы 5 жылға 339,3 миллиард теңге қажет болмақ. Оның 137 миллиард теңгесі еңбекке, ақы төлеудің жаңа жүйесі бойынша мұғалімдердің жалақыларын арттыруға бағытталса, 168,8 миллиард теңгесі олардың біліктілігін арттыруға жұмсалмақ.

Тұжырымдама жобасы алғаш­қы қарауында Үкімет мүше­лерінің мақұл­дауына ие бол­ды. Әрине оны толық­тай қабылдап, қолданысқа ен­гізу үшін әлі де бірқа­тар шараларды ұйым­дас­тыру қажет бо­ла­тын­дығы түсінікті.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ.