27 Мамыр, 2011

Кешенді жұмыс табысқа бастайды

412 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Халқымыз үшін орманның орасан пайдасы бар­лығын айтып жатудың өзі артық. Ол біздің табиғи байлығымыз ғана емес, рух тербетер қым­бат қазынамыз. Мұны бүкіл қол жеткен табыста­ры­мыз бен қол созар жетістіктерімізбен де байла­ныстыра қарастыратынымыз сондықтан. Мәселен, Қазақстанның әлемнің озық елдерімен терезе теңестіру міндеті табиғи ортаның тұрақтылығы мен экологиялық жүйенің қолайлы шарттарымен тікелей қабысып жатыр. Ал аталған міндет­тердің ойдағыдай жүзеге асуы сала дамуын ғылыми тұрғыда қамтамасыз етуге, орман шаруашылығы өндірісіне заманалық ізденістер мен тал­дамалардың озық үлгісін батыл да тиімділікпен енгізуге байланысты. Осы орайда, өз тарихын 1957 жылдан бастайтын бірегей инсти­тутымыз мемлекет алға тартқан тапсырмалар деңгейінде қа­рым-қайрат таны­тып отыр­ғанын атап көрсеткен ләзім. Мемлекеттің орман қоры 28,5 миллион гектарды, яғни, республика аумағының 10,5 пайызын алып жатыр. Ал таза орман алқабы 4,5 пайыздан енді асты. Мұның барлығы еліміздегі 10 табиғи қорық, 9 мемлекеттік ұлт­тық табиғат паркі, 4 мемлекеттік табиғат ре­зер­ваты, тағы басқа ведом­стволардың қа­рауында. Оның үстіне, облыс әкімдіктерінің еншісіндегі 126 орман шаруа­шылығы мемлекеттік мекемесі жұмыс істейді. Республика аумағының 4,5 пайызын ғана алып жатқан орман әлемі үшін бұл аз құрылым емес. Бірақ, Үкімет осыншама қуат көзін болашақ­ты ойлай отырып, саналы түрде құрып отыр. Олардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз етудің маңызды бір тұтқасы біздің институт ұжымына жүктелген. Мақсат – орман ресурстарын сақтап, оның әрбір өскінін тиімді пайдалану арқылы үздіксіз жаңғыртып отыру. Бұл бағыттағы зерттеулеріміз негізгі төрт шаралар кешенін біріктіреді. Бірінші шараның қо­рытындылары селекция және биотехнология негізінде құнды гендік қорды сұрыптау мен алу нәти­же­лерін көздейді. Орман резерватының тектік ма­ңыз­ды элементі топырақ құ­нарының сандық және сапалық сипаттамаларын ғылыми негізде дәл үй­лес­тіруге байланысты бол­мақ. Институт ғалым­да­рының көп жылғы қа­жыр­лы еңбегінің нәтиже­сінде «Бурабай» МҰТБ қойнауында қарағайдың өте сирек кездесетін оннан астам түрі жойылып кетуден аман қалды. Сондай-ақ, ҚазНИИЛХ дендробағындағы түген­деу жұмыстарының бары­сында орман ағаш­тарының 49 тегі, түрі мен будан­дары анықталды. Батыс Қазақстанның жартылай шөлейтті (Жәнібек стационары) жағдайында ағаш­тың 10 және талшыбықтардың 8 түрі адап­та­ция­лық өлшеммен болашағы зор деп бағалануда. Кешенді қызметтің екінші буыны Қазақстан аумағындағы таулы және қыратты орман алабын басқарудың ғылыми негізделген шараларын қа­лыптастыруды қамтиды. Кенді Алтай орманда­рын­дағы табиғи жаңғыру ғалымдар еңбегінің сүбелі қайтарымы деуіміз керек. Топырақ құна­рынан бастап, оған түскен дәннің ерекшелігін сәтті сұрыптау нәтижесінде, 30 жыл мерзім­де өскіндер саны 4 есе өсіп, бір гектарға 20 мың дананы құрады. Оның үстіне, болашақ бағ­дары­мен Қазақстан қыраттарындағы орман ағашта­рының экологиялық-экономикалық бағамы, аралас өскіндердің 1 гектарға шаққандағы өнгіштігі мен шығынының болжамы есептеп шығарылды. Зерттеу деректерінің анықтамалық-нормативтік топтамалары мүдделес ұйымдармен қатар, көпші­ліктің игілігіне жаратылуда. Қостанай облысының орман алқабындағы органикалық көмірсутегінің қоры 7,1 миллион тонна көлемінде есептелді. Қалыптасқан жағдай­да, 1 гектар орман ағашы атмосферадан бір мезетте 6,6 тонна көмір қышқылын сіңіріп, 4,8 тонна оттегін шығарады. Мұны ақша қаражатына айналдырсақ 174 АҚШ долларына тең болады. Ормандарды табиғи ауытқушылықтардан, түр­лі кеселдер мен зиянкестерден қорғау шарала­рын анықтау біз қолданып жатқан шаралардың айрық­ша маңыздысы саналады. Алматы облысында жасыл желектің 29,2 пайызы, Жамбыл облысында 3 пайызы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында 4,6-11,4 пайызы айналымнан шыға­рылған. Ақмола облысының 2402 гектар, Қараған­дының 2242 гектар, Солтүстік Қазақстан облысы­ның 5037 гектар орман алқабында ғалымдар ұсынысымен карантиндік шаралармен қатар, ағаштарды санитарлық кесу, басқа да алдын алу шаралары жүргізілуде. Өкінішке орай, бұрынғы­сынша, өрт оқиғалары орман алқаптарын аяусыз жалмап барады. Бұл бүкіл әлемді толғандырып отырған мәселе. Біз еліміздің әр аймағындағы 2 мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесі мен 4 мемлекеттік ұлттық табиғат паркінде зерттеу жұмыстарын жүргізіп, осының негізінде көп бағытты нұсқаулықтар дайындадық. Институт ұжымы «Орманды жаңғырту және қорғаныстық орман алабын орналастыру техно­логиясы» жобасы негізінде тиімді зерттеулер жүр­гізуде. Кенді Алтайдың орманды қалыптас­тырушы негізгі дақыл­дарын сұрыптау нәти­жесінде ағаш көшет­терін егудің тиімді нұсқасы жасалып, ондағы өскіндердің бой тіктеуі мен өнім­ділігі жақсы бағаланып отыр. Жам­был және Оңтүстік Қазақстан облыстарының шөлейт аймағында қара сексеуіл отырғы­зуға жарамды топырақ құнарына бағам жасалып, көшет­тердің қалыпты өсуі жұмысымыздың тиімділігін көрсетті. Солтүстік Қазақстан жағдайында 10,0 х 1,5 метр диагоналдық топта орналасты­рыл­ған ұшпа-үлпілдек тектес ағаш көшет­тері қолайлы агромелиоративті материал саналады. Аталған биотоптар жоғары өн­гіштік қасиетке ие (40 жыл ішінде қайың­ның 99 пайызы, қылқан жапы­рақтылар­дың 76 пайызы орман қорын толықтыр­ды). Тіпті, құрғақшылық қыспақтаған 2010 жылдың өзінде қалыпты және қара топырақты жер қыртысына орналасты­рыл­ған өскіндер өнімділігі 40-65 пайызға жетті. Ғылыми негіздемелер алдағы кезде көрсеткіштің анағұр­лым өсе түсетінін айқындайды. Сондай-ақ, Арал аймағын­дағы жер құнарын ұзақ мерзімді зерттеу бары­сында жекелеген учаскелерде сексеуілдің – 80,3, ал тобылғының 16,9 пайы­зының тұрақты өн­гіштігі қалыптасты. Ал, 2011 жылғы ғылыми-зерттеу жұмыстары­ның барысында біздің қызметімізді пайда­ланатын әріптестерімізге 15 ұсыныс пен әдістемелік нұс­қау­лық жолданатын болады. Оның үстіне өнгіш­тігі жоғары қарағайдың 2 және қайыңның 2 түрін айналымға қосуды жоспарлаудамыз. Кешенді қыз­метіміздің қоры­тындысымен бұқаралық ақпа­рат құралдарында 87 ғылыми мақала жарияланды. Ұжымымыз бір инновациялық патентке ие болса, ғалым­да­рымыздың тұқым сұрыптаудағы еңбегі 3 авторлық патентпен атап өтілді. Институтымызда 12 семинар, бір ғылыми-практикалық конференция шақырылып, кәсіби біліктілікті жетілдіру курсында орман шаруашылығының 108 қыз­меткері оқуға тартылды. Болат МҰҚАНОВ, «Қазақ орман шаруашылығы» ҒЗИ директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.