27 Мамыр, 2011

Кісілік немесе Қазақ қайтсе қалады қазақ болып?

2177 рет
көрсетілді
32 мин
оқу үшін
Кісілік. Бұл ұғым тұлғамен өлшенеді. Бай­тақ тарихымызды тұлғалар тарихы құрайды. Қазақта әрқайсысы әр елге патша болғандай елтұтқалар, тұлғалар, даналар, тектілер, кемең­герлер, көсем­дер көп болған. Сөздің қадірі қашқан бүгінгі заманда тұлға, ұлы деген ұғым­дарды да әбден жербауырлатып алдық. Бұрын­дары ұлы деп жаратушыны – тәңірді – Алланы ғана атаған. Осы бір биік ұғымды байы­бына жетпей, оңды-солды пайдалануды әдетке айналдырып алдық. Мектеп, университет көрмеген бұрынғы ба­ба­ларымыз осы күнгінің академиктерінен ана­ғұрлым биік тұлға болатын. Олардың тұла бой­лары тұнған кісілік, даналық еді. Хал­қы­мыздың көрегендігі де, көсемдігі де, шешендігі де, кемеңгерлігі де сол асылдарымыздың бойында еді. Не мектеп есігін, не кітап бетін ашпаған бабаларымыздың соншама даналы­ғына қайран қаласың. Кісіліктің кіші ордасы – отбасы, дастарқан, үл­кен ордасы – алқалы жиын. Кісілігі келіскен, жаратылысына ақылы жарасқан сондай кәрі құ­лақ, көне көздердің шет жағын біздер көрдік. Қолдарына су құйып, батасын алдық, ғажайып әңгімелерін тыңдадық. Көшелі қариялар көкі­рек көзімен қиядағыны шолып, төңірегіндегі елді тү­гендеп отырушы еді. Байыппен, байсал­дылық­пен елдің, жердің арғы-бергі тарихын, тағдырын қозғайтын, шариғат айтатын, Бүгінде тарихты тұтас білетін, Адам Атадан бермен қарай жүйелі шежіре тарқатып, шариғат айта­тын, аузы дуалы, сөзі пәтуалы, қазыналы қарттардың азайып бара жатқаны жанға бата­ды. Қай үйге барсаң да, кәрі демей, жас демей, «темір жәшікке» телміріп отыр­ғандарды көре­сің. Дастарқан басында жи­налып, ағынан жары­лып әңгімелесуден, өсиет, өнегелі сөз айтудан қалып барамыз. Сөйтіп, қасиетті, қазы­налы, киелі қазақ дастарқанының қадірін кетіре бастадық. Осыдан кейін ұлты­мыздың келешегі дейтін ұл-қыздардың бойына кісілік қайтіп қалыптасады? Кісіліктің түп негізі тектілікте де жатыр ма деп ойлаймын. Тектілік ұрпақтың бойында ата­ның қанымен, ананың сүтімен дарып, сүйекпен келетін қасиет. Қанша малды болса да, Бай қуанар егізге. Жақсыдан жаман туса да, Жаманнан жақсы туса да, Тартпай қоймас негізге, – дегенді қазақ тегіннен айтпаған. Сұңқардан сұңқар туар саңқылдаған, Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған, Қарғадан қарға туар қарқылдаған, Дегендер «мен жақсымын» толып жатыр, Пайдасы өз басынан артылмаған, – деп Сүйін­бай атамыз да дәл айтқан. Кезінде қазақ еріккеннен құда түспеген. Хал­­қы­мыздың жеті атаға дейін қыз алыспай­тыны да, текті жерден қыз алуы да бекер емес. Қаны таза халықтың жаны таза болатынын жақсы білген. Мәңгілік ел орнатамыз деп өмір кешкен, сол үшін заманының ұлы империясы – Түрк қаға­на­тын құрып, дүниенің төрт бұрышына иелік еткен, келешекке осыншама байтақ жерді, тау­сыл­­майтын байлықты, тозбайтын дәстүрді қал­ды­рып кеткен Бұмын, Істемі, Елтеріс (Құтлығ) қағандар да, дана Тоныкөк те, айбынды Күлте­гін де – бәрі де біздің кісілікті бабаларымыз болатын. Ба­йыр­ғы түрік даналары иелік еткен жер де, байлық та, қалыптасқан дәстүр де, ой-сана да, ең алдымен қазаққа мирас болған. Түрк қағана­тының қара шаңырағы да қазақта қалған. Біз әлі осының да қадірін біле алмай келе жатқан секілдіміз. Сол бабалардан жеткен көп қасиеттен, салт-дәстүрден, қазақы даналық, шешендік, ойшыл­дық болмысымыздан да, табиғи тұрпатымыз­дан да, ата-тарихымыздан да, ұлт рухы – тілімізден де көз жазып қала жаздадық. Соңғы үш ғасыр­да тарихымыз тәлкекке ұшырады. Сая­сатқа, келекеге айналды, табанға тапталды. Ата салты, әдет-ғұрып, руханият күйреді. Хал­қы­мыз тілі жоқ мыл­қауға, ақылы жоқ мақұлыққа, бей-берекесіз тобырға айналды. Алауыздық, сенімсіздік орнық­ты. Көлденең көк атты билеп, ел іші бүлінді. Сөйтіп, Бұқар жыраудың: Аузы-басы жүн кәпір Жаяулап келер жұртыңа. Жағалы шекпен кигізіп, Балды май жағар мұртыңа. Жемірлерге жем беріп, Ел қамын айтқан жақсыны Сөйлетпей ұрар ұртына. Бауыздамай ішер қаныңды, Өлтірмей алар жаныңды, Есепке салар барыңды – деп Абылайға айтқан сөзі мен Мұрат ақынның: Мен қауіп еткеннен айтамын: Ақ борықтай иілген Кейінгі туған баланың Ұстай ма деп білегін, Шая ма деп жүрегін. Шашын, мұртын қойдырып, Ащы суға тойдырып, Бұза ма деп реңін, Адыра қалғыр заманның Мен жаратпаймын сүреңін, – дейтін қаупі дәл келді.  Қолдан билік кетіп, ел іші жік-жік болды. Міне, біз осындай сұрқия дәуірді басымыздан кештік. Ұзына бойғы тарихындағы тағдырдың сүйек­тен өткен мұндай азапты жолын қазаққа ұмытуға болмайды. Ғасыр ауысты, мыңжылдық алмасты. Заман өзгеруде, қоғам өзгеруде, адам өзгеруде. Құн­дылықтар ауысуда. Осындай сан алуан өрке­ниет­­тер мен мәдениеттер сапырылысып, бәсе­кеге түсіп жатқан үшінші мыңжылдықта қазақ өз ұл­тын, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін сақ­тап қала ала ма, өркениеттен өз орнын таба ала ма дейтін ой мазалай береді. Мұны ойламай­тын қазақ жоқ шығар, сірә. Қалай ойланбай­сың. Қалай қа­бырғаң қайыспайды. Көрмейтін соқыр, сезбейтін мылқау емеспіз. Кісіліктің азайып, кісә­пірліктің көбейіп бара жатқанын көзіңмен көріп, көкіре­гіңмен сезіп отырған соң толға­насың, уайым-қайғы жейсің. Ұлттығы­мыз­ды ұлықтау, дәстү­рімізді дәріптеу, әулетті бағам­дау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – қа­зақ арасында қайта қалыптасып, бұлжымас заңға айналса екен деп армандайсың. Қазақ кезінде ата тарихын жырдай қылып ай­татын, онысын ұрпағының санасына сіңіруді бо­рышы санайтын ел еді. Мұнысы ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғасушы еді. Өкініші, ұлы далада байырғы заманнан бері күні бүгінге дейін жалғасқан осы бір ұрпақтар сабақтастығы да үзіле бастады. Соның салдарынан біз әлі күнге дейін өз тари­хы­мызды, бабалар жасап кеткен байтақ тарихымыз­ды бір ізге түсіріп жаза алмай, өзгелердің жазып кеткен жылна­маларына жүгінумен, өзгенің айт­қанын қайталаумен келеміз. Олардың біздің тарихымызды өз мемле­кетінің мүддесі, өз таным-түсінігі тұрғы­сынан жазға­нын ескермей келеміз. Оның үстіне өзге елдің жылна­машылары жердің де, елдің де, тарихи тұл­ғала­ры­мыздың да аттарын әбден шатас­ты­рып жіберді. Әйтпесе, атаулары әр кезеңде әрқилы айтылғаны болмаса, Ұлы далада өсіп-өніп келе жатқан халықтың тегінің бір екені Тәңірге де, бә­рі­мізге де аян. Бүгінгі қазақ халқын құраған, бір кездері әр түрлі мемлекет аталған ру-тайпалардың құт мекені, ата қонысы осы байтақ Қазақстан жері болатын. Біз расы әбден қағажу көріп, әртүрлі себептермен тарихымыздан адасып қала жаздаған елміз ғой. Байтақ даланы мекендеген, иемденген елдің ұлылығы, ерлігі жайында аз жазылған жоқ, бірақ соның бәрі бүгінгі қазақ халқының байыр­ғы салты, тіршілігі деп танылмады. Қайта сол «жаз­ғыштар» өз мәдениетімізге, өз тарихымызға жуыт­қысы келмей, бізді ылғи кемітумен, кемсітумен болды. Елді ояту үшін тарихты ояту керек болатыны, салтты жас­тардың санасына, қанына сіңіру керек бола­тыны сондықтан. Сол себептен де жалпыға ұғы­нықты тұтас тарихты жасап беру – кезек күт­тірмейтін міндет деп ойлаймын. Қазақтың болашағы қазаққа ғана керек. Сон­дықтан да ұлттың келешегі үшін бел буып, білек сыбанып, кәрісі бар, жасы бар, тізе қосып қызмет ету баршамыздың кезек күттірмес міндетіміз деп ойлаймын. Қазақ біткеннің бәрі алдымен өз ана тілінде сөйлеуі, ұлтын жанындай сүюі керек. Қазақ­қа тән қасиеттерді, дәстүрдің озығын қыз­ғыштай қоруы керек. Өз тарихыңнан, өз тілің­нен, өз салт-дәстүріңнен, өз мәдениетіңнен асыл, қым­бат еш­теңе жоқ, алдымен осыларды ардақта деп үйре­туіміз керек жастарға. Мемлекеттік тілді әрі итеріп, бері итеріп жүр­ген­де басқа ұлт өкілдері де қазақ тілі мен әдебие­тінен сабақ бере бастады. Келешекте мемлекеттік жауапты орындарға солар жайғасып, аңқау қазақ далада қалып жүре ме деп қорқамын. Қазақты қазақтан басқа ешкім де жарылқа­май­ды, қазаққа қазақтан басқа ешкімнің жаны да ашы­майды. Ошақтың бұты үшеу болғанымен, ұлт біреу – ұлттың тағдырын, келешегін алдымен қа­зақ баласы ойлауы керек. Қазақстанның тарихи иесі – қазақтар. Бұған еш­кім бүгінде қарсы дау айта алмайды. Десе де, қазақ халқының мүддесі әлі де көңілдегідей қор­ғалмай келеді. Көп ұлтты елміз, Қазақстанды мекендеп отыр­ған өзге ұлттарға қамқорлық жасау керек деумен келеміз. Сонда қазаққа қамқор­лықты кім жасайды, қазақтың қабағына кім қарап, маң­дайынан кім сипап, арқасынан кім қағады дейміз ғой. Кеше тәуелсіздік алғанда қазақ ұлтының көсе­гесі көгереді, өз тілімде ойлап, өз тілімде сөйлей­мін, бақытқа кенелемін деп қуанды. Осы­ны қа­лада туып, қалада өсіп, билікке келгендер түсін­бей келеді. Қазақтың кеңдігі ауылда екендігін де білгілері келмейді. Қазақ атымен билікке келген қазіргі эли­таға ұлттың да, Отанның да, атадан қалған жердің де, елдің де онша керегі жоқ секілді. Оларға қазақ­тың байлығы ғана керек, ақша керек. Ақша болса Африкада да тұра береді. Ұлтқа жаны ашымай­тындар – оның келешегін ойла­майтындар, ұлттың тарихын да, мәде­ние­тін де, әдебиетін де білмейтіндер, білгісі де келмейтіндер. Билік басында отыр­ған қазақтың біразының ұлт мәселесімен бас ауыртпайтыны содан. Қазаққа ұлттық тәрбие, ұлттық білім жүйесі, ұлттық сана керек. Ұлт күшейсе тіл де күшейеді, ұлттың мәртебесі көтерілсе тілдің де мәртебесі көтеріледі. Ұйысқан ұлт боламыз, іргелі ел бола­мыз десек, ендігі жерде қазаққа көзқарасты өзгерту керек, билік орындарына мемлекет тілін, халқы­мыз­дың тарихын, мәдениетін, әдебиетін, ғұрпын жақсы білетін, келешегінен үміт күт­тіретін, ұлтын сүйетін жастарды қою керек. Ұлт мүддесін қорғай­тын, ұлттық қасиетті дәріптейтін, ұлттық ой-сананы қалыптастырып, дамытатын, ұлттық құн­дылық­тарымызды сақтайтын кадр­ларды өсіру керек. Әйтпесе, біздің күніміз еш­қашан мемлекеті бол­маған, тұрақты мекені жоқ, бірақ мәдениетін жоғалтпаған, отбасында өз тілінде сөйлейтіндердің күнінен артық болмайды. Ата Заңымыз бойынша президенттіктен үміткер­лердің бәрі де міндетті түр­де қазақ тілінен емтихан тапсырады. Ендігі жерде болашақ министрлер де, әкімдер де, олар­дың орын­басарлары да, Парламент депутаттарынан үміткер­лер де, өзге де лауазымды қызметке баратындар­дың бәрі де қазақ тілінен міндетті түрде емтихан тапсы­рулары керек. Олардан емтихан қабылдайтын тә­уелсіз тіл комис­сиясы құрылуы керек. Сөйтіп, жиырма жыл бойы талқылай бермей, Тіл туралы заңды орындауы­мыз, орындатуымыз керек. Сол кезде мемлекеттің тілін бәрі де үйренетін болады. Тәуелсіз ел болғанымызға да биыл 20 жыл толады. Ендігі жерде жалтақтаудың, жалпақше­шей­ліктің жөні жоқ. Ұлттық тілімізді, ұлттық мәдение­тімізді, ұлттық ой-санамызды, ұлттық дәстүрімізді дамытып қана әлемдік өркениетке үлес қоса аламыз. Түптің түбінде қазақ дамыған, тұтасқан, интел­­лектуалды ұлтқа айналмай, оның мүддесі түпкі­лікті қорғалмай Қазақстанда тыныштық та, тұрақ­тылық та болуы мүмкін емес. Өзінің негізін құрап, іргетасын қалап отырған халықтың, ұлттың мүд­десін қорғамаған мемлекет ұзақ өмір сүре ал­майды. Әлемде мұның мысалы көп. Қанды көте­рілістің нәтижесінде, төңкеріспен, зорлықпен орна­ған Ке­ңес өкіметі ұзақ өмір сүре алмады. Өйткені, жасанды мемлекет ұлттардың мүддесін қорғамады, қайта сол ұлттардың намысын, тарихын табанға таптады, мансұқ етті, салт-дәстүрін келекеге айнал­дырды. Тәуелсіз мемлекет орнатуда тарихтың осын­дай қатал сабағын ескермеуге болмайды. Мен саналы ғұмырын мемлекетке арнап келе жатқан адамның бірімін. Қаным да, жаным да қа­зақ. Біз кеше тәуелсіздіктің таңсәрі шағында ла­пыл­дап жанған оттың ішінде жүрдік. Қазақ­станның идеологиясын бес жыл басқардым. Оңай болған жоқ. Аумалы-төкпелі замандағы бес жыл бойғы идеологияның басында жүріп ат­қарған еңбе­гімді қазақ ұмытты деп ойла­маймын. Тарихтың қайта жаңғыруы, әдет-ғұрыптың халық­пен қайта қауышуы, бүгінде тойлап жүрген Наурыз мерекесіне дейін біз от кешіп жүріп қалыптастырдық. Жадынан, тарихынан адасқан халықты өз тари­хымен, өз жақсыларымен қайта табыстыру оңай емес еді. Ол үшін ата тарихын қайта ақтарып, қа­зақ тарихын желісі үзілмеген тұтас құбылыс ретінде қайта қарауға тура келді. Анығында халық тарихының тұнық бастауы, қайнар көзі ешбір тарихи жазба деректермен са­лыстыруға келмейтін, атадан-балаға, ұрпақтан-ұр­пақ­қа үзілмей айтылып келе жатқан ауызша шежіресінде жатыр. Біздің бабаларымыз ата тари­хын ұрпақтарына ауызша айтып, құлағына құйып отыр­ған. Не бір қырғын соғыстардан, апаттардан бүгінгі күнге аман жеткені де содан. Біздің халқымыздың шын тарихы шежірелерімізде, байтақ эпоста­ры­мыз­да, батырлар жырларын­да жатыр. Қазіргі университеттерде оқып, канди­дат­тық, докторлық диссертация қорғаған кәсіби тарихшыларымыздың көбі жазған тақырыбының шеңберінен көп ұзай алмайды. Тұтас тарихты тарқатып айтып бере ал­майды. Үлкен мәселенің бірі осында болып отыр. Өкінішке қарай, бүгінде тарихымызды түптен тар­тып тұтас баяндайтын ғұламалардың көбі өмір­ден өтіп кетті. МәшҺүр Жүсіп, Шәкәрім, Мұ­ха­меджан Тынышбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Мар­­ғұлан, Ермахан Бекмахановтар бүгінде ара­мыз­да жоқ. Қазақ тарихын тұтас білетін маман­дары­мыздың өзі некен-саяқ. Олардың біразы сол тарихтың бiр ғана кезеңiн зерттегендер. Осының салдарынан жас ұрпақ өзiнiң ата-бабасы жасаған тұтас, байтақ тарихты әлi де бiлмей келе жатыр. Тарихымызды, ұлтымыздың шежіресін, ұлы тұл­ғаларын жас ұрпақтың санасына сіңірмей, оларды отаншыл болады, халқына, еліне тұтқа болады, келешекте осы елге ие болады деп айту қиын. Бүгінгі тәуелсіз мемлекетіміздің тарихы да өткен ата тарихымыздың заңды жалғасы. Бас­қасын былай қойғанда, қазіргі таңда қолымызбен құрып жатқан тәуелсіздік тарихын да жас ұрпақтың санасына сіңіре алғанымыз жоқ. Ұлт және дін, тарих және дін, дәстүр және дін мәселесі де терең байыпталмай келеді. Дінді салтпен, дәстүрмен шатастырушылар көбейді. Тегінде ешбiр халықтың тарихын дiннен бөлiп қарауға болмайды. Дiн – діңгегіміз. Дiн – мәдение­тiмiздiң мәйегі. Дiндi идеологиядан да бөлiп қарау мүмкiн емес. Тарихымызда қазақ халқының құра­мына кiрген рулар мен тайпалар бағзы замандардан бері түрлi дiндi басынан кешiрген. Оны бiз тарихтан жақсы бiлемiз. Бiздiң Исламға дейiн ұзақ уақыт ұстанған дiнiмiз – Тәңiрлiк дiнi едi. Кейбiреулер «жетiсiн» беруге болмайды, «қырқын», «жылын» беруге болмайды деп таласып, даурығып жатады. Меніңше, мұның дінге қатысы жоқ. Ол халықтың салтына, ғұрпына байланысты мәселе. ҮIII ғасырда Күлтегiн батыр дүниеден өткен соң бiр жылдан кейiн ас берген. Аңыртаста: «Күлтегiннiң асында оның төрт мың жылқысын, iрi қара малын, алтын-күмiсiн, дүние-мүлкiн тұйғындар елге таратты» – деп жазады. Бұл не, дiн бе? Жоқ, бұл – дiн емес, халықтың салты. Ал бiздiң ҮIII ғасырдан берi қа­рай ұстанып келе жатқан, мойындаған дiнiмiз – өзі­не дейінгі дiндердiң ең асыл қасиеттерiн, маңызын бойына сiңiрiп, дамыған, үйле­сiмдi дiн – Ислам дiнi. Ислам – өркениеттiң діні, ғылым­ның діні. Сондықтан да исі қазақ Исламды өз салтанатымен, өз дәстүрiмен, өз көркiмен, өзiнiң терең мазмұны­мен ұстана бiлгені жөн. Тегінде, дін атаулының бәрі әу баста кісілікке не­гізделген. Кісі ақысын жеп, біреуге жәбір көр­сетуді қай дін болса да мақұлдамайды. Өкініші, бүгінде дін қасиеттен гөрі қаруға, саясатқа айнала бастады. Белгілі дінтанушы ғалым, Құран аударма­шы­сы Валерия Порохованың осы «Егемен Қазақ­станға» берген сұхбатында айтқан: «Жи­ырма бірінші ғасырдың ба­сында діннің сая­сат­тануы қатты күшейіп кетті. Бұл алаңдатарлық жағдай. Саясат деген өтпелі нәрсе. Дін қашанда әу бастағы таза­лығын сақтап тұруы тиіс. Дін саясаттанған жерде ол қолы лас, жаны лас адамдардың құралына айналмай қой­майды» деген пікірін де ұмытпа­ға­ны­мыз жөн. Бүгінде басқа дінді, жат тәрбиені уағыздап жүр­гендер көбейіп барады. Бұл, түптеп келгенде, келе­шектің тамырына балта шабу деген сөз. Мәселен, 1,5 млрд. халқы бар Қытайда 4 қана діни конфессия болса, айналдырған 16 млн. халқы бар Қазақстанда 4000-дай діни бірлестіктің тіркелуін қалай түсінеміз? Түбінде мұның арты неге апарып соқтыруы мүмкін? Оны да осы бастан ойланбаса болмайды. Елбасы күні кеше Дін істері агенттігін құру ту­ралы Жарлық шығарғанда осыны да қарас­тырды деп білеміз. Бұрындары ұйғырлардың мешіті, өзбек­тердің мешіті, чешендердің мешіті дегенді ара тұра естуші едік. Бүгінде әр жамағаттың өз ме­шіт­тері бар. Бірінің мешітіне бірі бас сұқпайды. Қазақстанның болашағына қауіпті тенденцияның бірі осы ма деп ойлаймын. Бұл қауіптің бетін қай­тару үшін Қазақстан Мұсыл­мандары діни басқар­масының құзіретін күшей­тіп, бір дін – бір мәдениет – бір тіл саясатын батыл жүргізуіміз керек. Сонда ғана басқа диаспора өкілдерін мемлекет құраушы қазақ ұлтының маңайына топ­тастыра аламыз. Салт-дәстүрлеріміз ғасырлар бойы Ислам дінімен бірге екшеліп, таразыланып келеді. Осы тұр­ғыдан алғанда, тұсау кесу, қыз қуу, көкпар, беташар, сәлем салу, ас беру, ән айту секілді қазақ дәстүр­лерін шариғатқа қайшы деп кім айта алады. Қазақтың торқалы тойынан бастап, топы­рақты өліміне дейін тұнған үлгі-өнеге еді. Қазір құдайға шүкір, елде қуаныш көп, той көп. Сол тойдың өзі тәлім-тәрбиеден гөрі ысырап­шы­лық­қа, атақ шыға­руға, даңғазаға айналып бара жатқандай. Той болса, ата-бабамызда болмаған – баласы-енесімен, ке­ліні-қайнағасымен жабысып билейтін әдет шық­ты. Лепірме, көпірме сөз, бос мақтау, бөспелік етек алып барады. Кісіліктің бір төркіні имандылықта жатыр. Бұрынғылар ізгі қасиеттерді бойына жиған адамды иманды, иманжүзді екен деп жатушы еді. Бүгінде құдайға сенгенмен – қатыгез, мешітке барғанымен – мейірімсіз жандар көбейіп барады. Өз басым Алланың жердегі үйіне апта сайын болмаса да сәті түскенде барып тұрамын. Алладан жан байлығын, жүрек тыныштығын тілеп, тілімді кәлимаға келтіріп, білген дұғамды оқып, сыйы­нып жүремін. Осы күндері мешіттен қара­пайым тазалықты да таба алмай, жаның құлази­ды. Босағасында пырдай шашы­лып жатқан аяқ киімнен аяғыңды алып жүре алмайсың. Бірінің үс­тінен бірі аттап өтіп жатқан адам. Мұнда қандай тазалық болуы мүмкін. Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің. Бүгінде білсін, білмесін, жаппай дінге құлау етек алды. Сөйтіп жүріп діннің де қадірін қашырып аламыз ба деп қорқамын. Мұны Елбасы да өзінің «Сындарлы он жыл» кітабында: «Екі нәрседен – діни дүмшелік пен діни фанатизмнен сақ­тану керек» деп орынды айтқан еді. Исламның бес негізгі шарттарының бірі – қажылық. Ол – атақ емес, парыз. Мен дінді идеология ретінде қабылдаған Иран мемлекетінде елші болған адаммын, онда жыл сайын мил­лиондаған адам қажылыққа барады. Алланың рахмет айы туғанда ол елдің ұшақтарының бәрі Меккеге қарай ұшады. Бірақ, Меккеден, Мединадан қажы атанып келген жан баласын көрген емеспін. Ал, біздің елде бұл сауапты іс те саудаға, бизнеске, атаққа, шенге айналып бара жатқан сияқты. Адам баласы намаз оқыса да, ораза тұтса да оны мақтан үшін, бiреуге көрсету үшiн емес, әуелі Алланың разылығын алу үшін, сосын өзі үшін істейді. Ал бiзде намаз оқып, мешітке барғанын жарнама жасайтындар көбейіп барады.  Ислам – мөлдір бұлақ, ол әркімнің жүрегіне жолды өзі табады. Оны жүрекпен, біліктілікпен қабылдаған абзал. Дінге санамен, жүрекпен ба­руы­мыз керек. Исламды қасиеттеушілерден, те­рең ұққандардан гөрі әлі де еліктеушілер көп пе деп ойлаймын. Осы күні ұлтымыздың маңда­йына басып, үміті болады деп жүрген азамат­тардың да бірқатары әсіредіншілдіктің шырма­уына түскен­дей. Қорқы­нышы, дін ісіне шын берілген, соның оқуын тауыс­қандар емес, жолдан қосылғандар көбейе бастады. Әрине, дін – садақа жиып, жаназа шығарумен шектелмейді. Қазақстанда Исламның көсегесі кө­геру үшін біздің имамдарымыз жұрт арман­дағандай кісілер болулары керек. Олардың өзі, сөзі түгілі, басқан ізі де қасиетті болса деймін. Құранды ұғынып, жүрекпен тебіреніп, мінсіз оқулары керек. Діннің өзі қазір тоқсан тарау болып кетті. Алланың жолында жүр деген арабтардың өзінің қырық пышақ болып басы бірікпей жүргені мынау. Дін – саясаттан да биік, халықтың, кез кел­­ген адамның жүрегіне жол табатын, ұя­лайтын, қанына, бүкіл жанына сіңетін қасиет. Оны саясатпен шатастырудың еш жөні жоқ. Анық білетінім – жалғыз Жаратушы бар! Адал жүр, қиянат жасама, біреуді жәбірлеме, алдама, зұлымдық жасама. Аллаға сенсең, оны жүрегіңмен, санаңмен қабылда, қолыңнан келсе жақсылық істе, қайырымды бол, оны саясатқа айналдырма. Қазір Исламның ішінен неше түрлі тармақ, сан тарау жол шығып жатыр. «Бұл дүние­нің қызығын тәрк қылыңдар, ол дүниеге дайын­далыңдар» деп өмірге емес, өлімге уағыз­дай­тындар, неше түрлі әулиелер, көріпкелдер көбей­ді. Тек бір Алла ғана бәрін көріп-біледі. Аллаға адал болсақ, мінәжат етсек болғаны. Қазақ әлімсақтан бір Жаратушыға сыйынған, ата-бабасын сыйлаған халық. «Бір-бірлеріңді та­нып, ажырата білулерің үшін сендерді әр түрлі ұлтқа, тайпа-тайпаға бөлдік», – дейді Алла-тағала қасиетті Құранның Хұжрат сүресінде. «Әлхамдулиллаһ, мұсылманмын» дейтін жас­тары­мыздың аузынан Отан, ұлт дейтін сөздер естілмейтін болып жүр. Ендеше, қазақтық қал­пы­мыздан айырылу да дінге қарсы шыққандық болып есептелмей ме? Бүгінде жер шарында Алланың жаратқан 5 мыңға тарта ұлт пен ұлысы бар. Алайда, өз алдына шаңырақ көте­ріп, бай­рағын желбіретіп отырған мемлекет­тердің саны 200-дің маңайында ғана екен. Жаһандану зама­нында үлкен мемлекеттер әлем­ге өз үстемдігін арттыруға жанталасып бағуда. Тәуелсіздік алу қандай қиын болса, сол тәуелсіздікті сақтап тұру одан да қиын. Тарих алдындағы осы жауапкершілікті жан-тәнімен сезінетін отаншыл, ұлтшыл ұрпақ тәрбиелеу – ең өзекті мәселелердің бірі. Байтақ тарихымызды, ұлтымыздың ұлы тұлға­­ларын, олардың кісілік тұнған қасиет­терін жас ұрпақтың санасына сіңірмей, олар отан­шыл болады, халқына, еліне тұтқа болады деп айту қиын. Ұрпақты тарихпен ауыздандыр­майынша, тарихты жастайынан санасына сіңір­мейінше, мемлекеттілік, отаншылдық жайын­дағы әңгіме­нің бәрі далаға кетеді. Тәрбие, оқу жүйесіне де ұлттық қасиеттерді ба­рынша батыл енгізу керек. Бұрынырақта тізе қосып бірге жұмыс істеген Өзбекәлімен бірге: «Тәрбиенің ең үлкені, ең маңыздысы – бала тәрбиесі. Бізде бала тәрбие­леудің бағзы заманнан қалыптасқан ұлттық дәстүрі бар. Сол әдептілік қағидалары бертінде үзі­ліп қалды. Бала­бақшадағы балалардан бастап, мектеп жасындағы жастарға дейін өнегелік тәрбие берудің кешенді бағдарламасын дайын­дайық», деп ақылдасып, әзірлеген едік. Сөйтіп, кейбі­реулердің қарсылығына қарамас­тан, оны Орталық партия ко­митетінің пле­нумында ар­найы қаратып, қабыл­датқан едік. Партия тара­ғаннан кейін елге, ұрпаққа керек деген бағдар­ламаның қайда қалғаны да белгісіз. Отаншылдық, ұлтжандылық дегеннің өзі қай­дан шығады? Қанша жерден патриоттық тәрбие дей бергенмен, одан отаншылдық рух пайда болмайды. Қазіргі жазылып жатқан оқу­лық­тар­дың көбісінің сапасы сын көтермейді. Біз жас ұрпақтың ана тіліне, туған жеріне, бабалардан қалған асыл мұраларға деген сүйіс­пен­­шілігін туғызу арқылы ғана отаншылдық сезімін оята аламыз. Идеологиямыздың басым бағыттарының бірі осы болса керек. Жастар арасында ұлттық рухтан, ұлттық қасиеттен айырылған отансыздардың көбейіп бара жатқаны да алаңдатады. Ұлтын ұлықтай алма­ғандардан, ұлттық сезімі, ұлттық намысы жоқтардан не үміт күтуге болады? Ел болып, жұрт болып жастарды өзгеге емес, өнегеге; тәл­піш­тікке емес, тәрбиелілікке; көргенсіздікке емес, көреген­ділікке; әдепсіздікке емес, әдеп­тілікке; қатыгездікке емес, мейірімділікке; тексіздікке емес, тектілікке; опасыздыққа емес, отаншылдыққа баули алсақ болар еді. Елдің де, жердің де иесі сенсің деп үйретіп, жас ұрпақ­тың намысын жанып, туған жер, мемлекет алдын­­дағы жауапкершілігін мықтап қалып­тастыра алсақ болар еді. Қазақ болып тұтасып, ұлттық деңгейге тезірек көтерілмесек, өркениетке де ілесе алмай­мыз. Өзі­мізді өзіміз сыйламасақ, өзімізді өзіміз қадір­лемесек, сырттан келіп бізді ешкім жарыл­қамайды. Күні кеше жұрттың абыройы, ар-ожданы, тәр­биеші-тәлімгері, мақтанышы, айба­ры болған жазушылар да өзара айтысып, бірін-бірі қаралауды өнерге айналдырып алды. Ақылшысы жоқ ел азады, иесі жоқ жер азады, қолдамаса ер азады, бір-бірімізді қолтықтан демеп, қолдап, жарасып жүрсек жарасады. Қаны таза халық едік, жан тазарса, ар тазарса болар еді. Жасамыстарымыз алжы­май, дұрыс қартая білсек жарар еді. Арғы-бергі заманда опық жесек, алауыз­дық­тан опық жеген халықпыз. Заманымыз түзелген кезде өткенге де, бүгінге де күңкілдей бермей, ендігі жерде бәріміз де ұлтты ұйыс­тыру жағына шығып, аталардан қалған асыл өнегені, жақсы дәстүрді мұрат етіп, ұлтқа ұйытқы болғанымыз, сөйтіп бір кісінің баласындай ынтымақты болға­нымыз жөн. Ұлт ретінде сақталып қалу үшін не істеуіміз керек? Қазақтың мінезін, менталитетін, кісілігін жан-жақты ашуымыз керек. Халықты қамшы­лауы­мыз керек. Өз алдына партия құ­рып жүр­гендердің де дені кеше жоғары билік­тің тұтқасын ұстағандар, бүгінде билікке өкпесі қара қазандай болып жүргендер. Биліктің биігіне шыққандар­дың да көбісі халықтың қамын ойлаудан гөрі өз бизнесін қорғаумен әлек болып жүр. Елім деп, жерім деп шыбын жанын шүберекке түйіп, ал­тын басын бәйгеге тігіп жүрген Елбасының өзін де түсінетін жандар көп емес. Дүние жиғандар, пысықайлар кө­бейді. Қиырдағы ауыл әкімінен бастап облыс әкіміне дейін Президенттің тапсыр­масымен деп сөйлейтінді шығарды. Құдды бір Елбасы тапсырма бермесе жұмыс істемейтіндей. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, әкімдер ең алдымен сол орында халыққа қызмет ету үшін отырғанын ұмыт­пағаны жөн. Бізге қазір елдің тағдыры – өзімнің тағ­дырым деп қарайтын, ұлт мүддесін, мемлекет тұтасты­ғын жоғары қоятын қайраткерлер керек. Қызмет берсе мақтағанды, қызметтен кетсе даттағанды әдетке айналдырмау керек. Тоқсан тарау дініміз бар, томағалы тіліміз бар; шуақ шашқан күніміз бар, асқақтаған үніміз бар; желбіреген байрағымыз бар, шетсіз-шексіз аймағымыз бар; қорласа да құ­ламаған, жабықса да жыламаған, аш күнінде сұрамаған аяулы хал­қымыз бар; ынтымақты бірлігіміз бар, берекелі тірлігіміз бар елміз, Аллаға шүкір дейік. Аласа шыңмен таласа алмайды, биік ешқашан аласармайды, арамдық адалдықпен жараса алмай­ды; адамның жаманы бір-біріне қараса алмайды; қына тасқа қонады, бақ-дәулет жетекке жүрмейді, ол тек басқа қонады. Әдеп­тен озбаған, босқа құлашты созбаған, қарап жүріп тозбаған жақсы. Дәулетсіз бақ болмайды, қадірсіз тақ болмайды, жаңыл­майтын жақ болмайды, – Алладан сұрап, абай­лап басып, анық сөйлеп жүрейік. Туралықтың туын ұстап, кісіліктің жолынан таймайық, ұлттық қасиетімізден, кісілік келбетімізден ай­нымайық; келешектің үмітін ақтайық, елдігімізді сақтайық, әлеумет! Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.