15 Қараша, 2016

Мемлекет тәуелсіздігінің маңызды рәмізі

274 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
tadzhiyakov-b-shҰлттық Банк хабарлайды, түсініктеме береді, түсіндіреді Қазақстанның өз валютасына көшкен күн – 1993 жылғы 15 қараша тарихта артта қалған сайын ол қазіргі замандастары үшін маңыздырақ бола түсуде Өзің қатысқан осы оқиғаның тарихи маңызын уақыт өте келе толық түсіне бастай­сың. 23 жыл бұрын қарашада аса маңыз­ды жұмысты орындай отырып, біз елі­міздің тарихи тұрғыдан толық егемен­дігіне өтуіне ықпал етіп жатқанымызды түсіндік. Бұл күннің Қазақстан үшін ма­ңызы ерекше, себебі меншікті валюта – кез келген мемлекет тәуелсіздігінің маңызды нышаны. Көптеген фактілер жария етілді, бірақ бұл маңызды оқиғаның қалай болғанына қызығушылық танытатын жаңа ұрпақ өсіп келеді. Кейбір оқиғалар менің әлі де жадымда. Теңгенің тарихы қазақстандықтар алғашқы банкноттарды өз көздерімен көргенге дейін басталған болатын. Қазақстанның валютасын енгізу туралы шешімді қабылдауға ел егемендігінің өз валютасынсыз болмайтындығы ғана емес, ыдыраған бұрынғы кеңестік кеңістікте болып жатқан объективті оқиғалар да итермеледі. Олар тіпті тарихи катализатор болды деп те ойлаймын. Мәселен, оған дейін 1993 жылғы 26 шілдеде Ресейде ақша реформасы болды. Соның нәтижесінде кеңестік рубльдің айналыста жүруі тоқтатылып, ол Ресейдің жаңа рубліне ауыстырылды. Бұл қолма-қол, сол сияқты қолма-қол ақшасыз айналыста Қазақстан мен Ресей рублінің толық бөлінуіне әкеп соқты. Қазақстандық рубль күрт құн­сыз­дана бастады, оның Ресейдің жаңа рубліне қатысты бағамы 67 тиынды құра­ды. Ал бұрынғы КСРО-ның көптеген елдерінің өз ақша бірліктерін енгізуі рес­пуб­лика­мызға ескі үлгідегі ақшаның бақы­лауға келмейтін көлемінің әкелінуіне ықпал етті. Инфляция қарқыны үдей түсті, бұл адамдардың өмір сүру деңгейінің төмендеуіне әкелді. Сол уақыттағы деректер майданнан келген үрейлі хабарлар секілді болды: мәселен, 1993 жылғы 1 тамызда төленбеген жалақы бойынша борыш 200 млрд рубльге жетті. Халықтың қаңтар-маусымдағы кірісі шығысынан 390 млрд рубльге асып кетті. Кәсіпорындардың банктерге берешегі 7,7 есе өсті және 397 млрд рубльге жетті. Дүкендердің сөрелері босады, бізге құндылығын жойған кеңестік рубль жан-жақтан келе берді. Демек, оқиғалардың осылай өрбуі республиканың таңдау жасауына итермеледі. Еліміздің басшылығы мұндай сцена­рийді алдын ала болжады. Сондықтан да тәуелсіз қаржы жүйесін құрудың дайындық жұмысы меншікті ұлттық валютамызды енгізу үшін заңнамалық негіздерді қалыптастырудан басталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің 1991 жылғы 20 маусымда қабылдаған «Қазақ КСР-дегі банк­тер және банк қызметі туралы» Заң банк жүйесін реформалаудың заңнамалық негізін құрады. Екі жыл өткен соң тағы бір – «ҚР Ұлттық Банкі туралы» Заң қабылданды. Оған сәйкес Қазақ КСР Ұлттық Банкі ҚР ҰБ болып қайта аталды. Заңда банк жүйесінің құрылымы да жазылды. Оның екі деңгейлі болатындығы айқындалды. Бұл ретте ҚР Ұлттық Банкі еліміздің банк жүйесінің жоғары деңгейін білдіреді. Заң КСРО Мембанкімен байланысты барлық ережелерді де жойды. Құжатта әңгіме ортақ ақша бірлігі жайында емес, Қазақстанның өз ұлттық валютасы, оның ішкі және сыртқы орнықтылығын қамтамасыз ету жайында болды. Президентіміздің ТМД елдерімен өзара тиімді экономикалық қатынастарды дамыту, Экономикалық одақ құру, рубль аймағын сақтау жөнінде үлкен күш-жігер жұмсағанына қарамастан, айтарлықтай жақсы нәтижелерге қол жеткізе алмадық. 1993 жылдың ортасында бізді рубль аймағынан ысырып жатқанын барлы­ғымыз түсінген кезде, ұлттық валютаны енгізу жөніндегі мемлекеттік комиссияны құру туралы шешім қабылданды. Комиссияны республика Премьер-Министрі Сергей Терещенко басқарды. Үкімет жан-жақты экономикалық дайындық жүргізді, оқиғалардың ықтимал дамуына сараптамалық және болжамдық баға берілді. Дәулет Сембаев басқарған арнайы жұмыс тобы құжаттаманы дайындаумен айналысты. Реформаның жүзеге асырылуын регламенттейтін негізгі құжаттардың 20-ға жуық жобасы да­йындалды. Банкноттардың нобайларын әзірлеу Меңдібай Әлин, Досбол Қасымов, Ағымсалы Дүзелханов, Тимур Сүлейменов және Хайролла Ғабжәлеловтен тұратын авторлар ұжымына тапсырылды. …Теңге енгізілердің қарсаңында Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміз­дің азаматтарына үндеу жасаған кезін­де теледидарға телміргенімізді аға ұрпақ жақ­сы біледі. Мемлекет басшысы қазақ­стан­­дықтарға ұлттық валютаны енгізу қажеттілігін түсіндіріп берді. Кеңестік рубльді теңгеге айырбастау 1993 жылғы 15 қарашада сағат 8.00-де басталды және 1993 жылғы 20 қарашада сағат 20.00-де сәтті аяқталды. Ұлттық Банк рәсімдеу мәселе­леріне: жаңа валютаны елге, банктерге және айырбастау пункттеріне жеткі­зуге жауап берді. Ол кезде 1961-1992 жыл­дар­дағы үлгідегі барлық рубль банкнот­тары айналыстан алынды. Ал теңге айырбас­та­лысымен-ақ заңды төлем құралы болды. Егер қысқаша айтар болсам, хронология осындай. Бірақ біз бәріміз – пендеміз, күмәнданамыз, сескенеміз. Сол кезеңде – кеңестік рубльдің өткен дәуірі мен ұлттық валютаның енгізілуінің арасында ел басшылығының ниетінің өзі түрлі сезім: қорқыныш немесе қуаныш, үрей немесе сенім тудырды. Қоғамда дау туындап, ел басшылығының мұндай батыл қадамы бірден қабылдана қойған жоқ. Ол кезде Қазақстан әлі де болса рубльдің ықпалында болды. Жұмыс тобы қаржы жүйесін дамытудың екі сценарийін – рубль аймағы сақталған жағдайдағы да, өз ұлттық валютамызды енгізген жағдайдағы да сценарийді қарастырғанын айтқан жөн. Бүкіл қаржы жүйесінің жұмыс істеуінің негізгі өлшемдері қарастырылды. Түрлі нұсқалар болды. Мысалы, басында ұлттық валютаға екі кезеңмен көшеміз деп ойладық: алдымен уақытша, содан соң тұрақты ақша енгізу жоспарланды. Бірақ, Жоғарғы Кеңестегі ұзақ уақыт бойғы пікірталастардан кейін ресми валютаны бірден енгізу қажет деген тоқтамға келдік. Қазақстан мәдениеті дамуының тарихи жақтарын зерделеу жұмысы басталып кетті. Осы уақытта валютамыздың аты – «теңге» де туындады. Бұл – кейіннен орысша «деньга» болған «таньга», «донга», «теньганың» тарихи түркі атауы. Бір тоқтамға қол жеткізгеннен кейін бірден пікірталас та тоқтады – барлығы ұлттық валютаны жасау жұмысын бастады, себебі бұл мәселені кейінге қалдырудың ұзаққа созылған дағдарысқа апарарын түсінді. Теңгені енгізу туралы шешімді елдің жо­ға­ры басшылығы қабылдады, ал Ұлт­тық Банк рәсімдеу мәселелерімен: жаңа ва­лю­таны елге, айырбастау пункттеріне жеткі­зу­мен, ескі ақшаны жаңаларына ауыс­ты­ру­­ды бастау күні мен ұзақтығын белгілеу­­мен, айыр­бастау коэффициентімен айналысты. 1993 жылғы желтоқсанда Дәулет Хамит­ұлы Сембаев Ұлттық Банкті басқар­ды, Президентіміздің белсенді қолдауымен оның теориялық міндеттерді іс жүзінде жүзеге асыруына тура келді. Бұл оңай уақыт болмағанын еске салайын. Ұлттық валютаны енгізу кезеңі Қазақстанда өндірістің жаппай құлдырауымен және инфляцияның ушығуымен сипатталды. Мұндай жағдайда Үкімет пен Ұлттық Банк инфляцияны біртіндеп төмендетуді және сонымен бірге өндірістің құлдыра­уын тоқтатуды бірінші кезектегі міндеттер ретінде айқындады. Қаржы реттеушісінің іс-әрекетін регламенттейтін бірқатар құжаттар қабылданды. Орталық банктің классикалық функцияларына Ұлттық Банк те жақындады. 1995 жылғы 30 нау­рызда маңызды құжат қабылданды. Сол күні Президент «ҚР Ұлттық Банкі туралы» Заң күші бар Жарлыққа қол қойды. Экономиканың құлдырау қарқынының баяулауы және инфляция деңгейінің айтарлықтай төмендеуі 1995 жылы ел экономикасы дамуының негізгі әрі жағымды нәтижелері болды. Жылдың қорытындысы ақша-кредит саясаты құралдарының көмегімен инфляцияның монетарлық құрауышын төмендете оты­рып, оның деңгейіне ықпал етуге болаты­нын көрсетті. Ал экономиканы кредиттеу функциясы Ұлттық Банктен екінші дең­гей­дегі банк­терге өтті. Осы уақытта банк жүйесі қа­ты­сушыларының негізгі рөлі ай­қын­далды деуге болады, бұл жа­қын уа­қытта экономиканың өсуіне ықпал жаса­ған қаржы жүйесінің одан әрі тұрақ­та­нуы­н­ың маңызды талаптарының бірі болды. Ұлттық валютаның қалыптасу кезе­ңінде ғана емес, өзінің бүкіл тарихында теңге қауіптер мен қиындықтарды бастан кешір­ді. Соңғы жылдар да оңай болған жоқ. Ұлт­тық Банктің қаржы нарығының тұрақ­ты­лығын ұстай алатындығын көріп отырмын. Қазақстанның көптеген сын-қатер­лерге қарсы тұратындай жеткілікті әлеуетінің бар екендігіне сенімдімін. Ұлттық Банк бұдан әрі де теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, инфляцияны басқара отырып, сауатты ахуалға бара-бар әрекет етеді деп ойлаймын. Халқымыз «Басы қатты болса, аяғы тәтті болады» дейді. Демек, басында үлкен қауіп пен қиындыққа ұшыраған кез келген бас­тама кейіннен сәтті болып аяқталады деген сөз. Сондықтан, ұлттық валютаның, эконо­миканың және еліміздің болашағына сенемін. Бұл жыл – еліміз үшін мерейлі жыл – Тәуелсіздігімізге 25 жыл толып отыр. Тарихи тұрғыдан алсақ, үлкен мерзім емес, бірақ Президентіміздің бастауымен елі­міз барлық бағытта да елеулі жетіс­тік­терге жетті, әлі де алдымызда үлкен асулар бар. Жағдайды пайдаланып, барша қауым­ды ортақ мерекеміз – Ұлттық валюта күні­­мен құттықтағым келеді, Сіздерге бар жақ­­сылықты, болашаққа деген сенім, бақ-бере­ке, қызметтеріңізге кәсіби табыс тілеймін. Біздің анықтама: Бисенғали Тәжіяқов жоғары оқу орындарын аяқтағаннан кейін 1967 жылдан бас­тап Қазақ КСР Мембанкі жүйесінде Ақтөбе, Атырау (Гурьев) және Қызылорда облыстарында түрлі лауазымдар атқарған, 1988-1996 жылдар аралығында Қазақ КСР Мембанкі төрағасының бірінші орынбасары, 1996-1998 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Салық комитетінің төрағасы. 1998-1999 жылдар аралығында Мемлекеттік кірістер министрінің міндетін атқарушы, 1999-2014 жылдар аралығында Ұлттық Банк төрағасының орынбасары, 2014-2016 жылдары Қаржы министрлігі Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы. Ұлттық Банкте және Қаржы министрлігінде істеген жалпы өтілі 49 жылдан асады. Үшінші дәрежелі «Барыс», «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен және 18 мерейтойлық медальмен марапатталған. «КСРО Мембанкінің үздігі» белгісімен наградталған, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің еңбек сіңірген қызметкері, Мемлекеттік қызметтің еңбек сіңірген қызметкері және Қаржы министрлігінің еңбек сіңірген ардагері. Бисенғали ТӘЖІЯҚОВ