Білікті педагог Ольга Тимнің есімі облысымызға кеңінен танымал. Ұлты неміс болса да, жүрегі «қазақ» деп соққан ұстаз мемлекеттік тілдің айбарын асырып жүр. Қазақ тілінен сабақ береді. Мұнымен қоса Достық үйіндегі «Мәміле» клубының белсендісі.
Ольга Тимнен «Тілді қалай үйрендіңіз?» деп сұрайтындар көп. Осакаров ауданы Шұңқыркөл ауылында өмірге келген кейіпкеріміз қарадомалақ қазақ балаларымен ойнап өскендіктен, тілді еркін меңгергенін айтады. Ольганың мектептегі ең сүйікті пәні қазақ тілі болыпты. Ал 5-сыныптан бастап «мұғалім боламын» деген асыл арманы оны алға жетеледі.
Орыс мектебін бітірсе де, Ольга Германовна болашақ мамандығын таңдауда еш мүдірген жоқ. Сенімді түрде қазақ тілі пәнінің мұғалімі болуға бел буды. Қарағандыдағы «Болашақ» колледжінің бірінші курсын аяқтаған соң, алғашқы педагогикалық тәжірибеден өтуді Пионерское ауылындағы мектепте бастайды. Ол жерде әпкесі мен жездесі (алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі) қызмет ететін. Дәл осы жерде жас маманның өмірі күрт өзгереді.
Мектептің сол кездегі басшылығы екі тілді де жетік білетін, бала тілін таба алатын дарынды, талапты қызды бірден байқайды. Мектеп директоры Ольгаға сырттай бөлімге ауысып, бірден жұмысқа қалуды ұсынады. Осылайша, небәрі 18 жасында Ольга Германовна өзінің ұстаздық жолын қазақ тілі мұғалімі ретінде бастайды.
Колледжді аяқтаған соң білімін «Bolashaq» академиясында жалғастырды. Оның ізденімпаздығы мен қоғамдық белсенділігі елеусіз қалған жоқ. 2012 жылы Қарағанды облысы әкімінің дәстүрлі «Қайнар» жастар сыйлығының «Жыл студенті» аталымын жеңіп алды. Осы жетістігінен кейін магистратураға грант ұсынылса да, Ольга «менің орным – жоғары оқу орнында емес, мектептегі шәкірттерімнің жанында» деп, ғылым жолынан гөрі жанына жақын ұстаздық жолды таңдайды.
Сегіз жыл бойы ауыл мектебінде шыңдалған ұстаз, тұрмыс құрғаннан кейін облыс орталығына қоныс аударды. Қарағанды қаласындағы №21 орта мектепте мұғалім және аға тәлімгер болып қызмет етіп, кейіннен біліктілігінің арқасында Қ.Сәтбаев атындағы гимназияның тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары лауазымына дейін көтерілді. Бұл жылдар ішінде ол облыстық және республикалық деңгейдегі көптеген байқаудың шыңын бағындырды. Әсіресе «Тіл жанашырлары» байқауының «Тіл білгірі» аталымында үздік шығуы – оның көпжылдық еңбегінің лайықты бағасы еді.
Бір қызығы, Ольга Герма-новнаның отбасы да – көпұлтты. Анасы – украин, әкесі – неміс. Ал өмірлік серігі – қазақ азаматы. Тіпті енесі де – неміс ұлтынан.
«Шаңырағымызда қазақтың барлық салт-дәстүрін ұстанамыз. Наурызкөже әзірлеп, жеті шелпек пісіреміз. Қазақ отбасына келін болған соң, мұнымыз – үйреншікті үрдіс. Балаларымызға неміс дәстүрлерін де үйретеміз. Біліп өскеннің артықшылығы жоқ», дейді ол.
Ольга Тимнің қоғамдағы қызметі тек мектеппен шектелмейді. 2019 жылдан бас-тап ол Достық үйі жанындағы «Мәміле» клубының жұмысына белсене араласып, мемлекеттік тілді үйренуге құштар жандарға дәріс оқиды. Клубтың ерекшелігі – тілді ереже, емлелер арқылы емес, халқымыздың тарихы мен мәдениеті арқылы меңгертуінде.
Бүгінде клубқа келушілердің қатары күн сайын көбейіп келеді. Олардың арасында балабақша тәрбиешілерінен бастап, зейнеткерлерге, танымал әртістер мен қарапайым такси жүргізушілеріне дейін бар. Ольганың пайымынша, Қазақстанда тұратын әрбір азамат мемлекеттік тілді білуге міндетті. Өйткені тіл – халықтың жаны, достықтың дәнекері.
Қысқасы, Ольга Тим сияқты тіл жанашырлары барда қазақ тілінің көсегесі көгеріп, көкжиегі кеңи түсетініне кәміл сенеміз.
Қарағанды облысы