• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан Бүгін, 08:38

Бас редактор мерейі

«Қазақ газеттері» серіктесті­гінде «Egemen Qazaqstan» рес­пуб­ликалық газетінің бас редакторы, белгілі журналист Ғабит Іскендерұлы Мүсірептің 60 жасқа толған мерейлі белесіне арналған іс-шара өтті. Серіктес­тіктің бас директоры Дихан Қамзабекұлының төрағалы­ғымен өткен алқалы жиынға Президент кеңесшісі Бауыржан Омаров пен Сыртқы істер министрінің кеңесшісі Қуат Бораш, сондай-ақ бас басылымның ұжымы қатысты.

Алпысына абырой-беделі­мен жеткен Ғабит Іскендерұлының есімі ел басшылығы тарапынан ерекше елен­ді. Бұған осы басқосуда жария болған мәр­тебесі биік құттықтау хаттары дәлел бола алады. Алдымен академик Бауыржан Омаров Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып беріп, салтанатты түрде табыстады. Пре­зи­­дент хатында мерейтой иесінің отан­­­дық медиа саласын заман талабына сай да­мы­­тудағы орны айрықша аталып өткен.

«Белгілі журналист, білікті басшы, ұлтжанды азамат ретінде көп жыл бойы рес­пуб­ликалық басылымда жемісті жұмыс істеп, отандық медиа саласы­ның заман талабына сай дамуына мол үлес қо­сып келесіз. Бүгінде «Egemen Qazaq­stan» газетінің беделін арттыру жолын­да қажыр­лы еңбек етіп жүрсіз. Мемлекет­тік саясат, заң мен экономика, білім және ғылым тақы­рыптарын арқау еткен сал­мақты сарап­тамаларыңыз бен мағыналы мақа­ла­лары­ңызды қалың оқырман қауы­мы зор қызығушылықпен оқиды. Ал­дағы уақыт­та да еліміздің рухани-мәдени да­муы­на атсалысып, ел-жұрттың құр­метіне бөле­не бе­руіңізге тілектестігім­ді біл­діре­мін» делінген Мемлекет басшысының құттықтауында.

Бұған қоса Бауыржан Омаров Мем­лекеттік кеңесші Ерлан Қариннің де құттық­тауын жеткізді. Ол өз сөзінде Ғабит Іскен­дер­ұлына жүйрік журналист, парасатты пуб­лицист ретінде ерекше ықылас білдірді.

«Қазіргі қазақ журналистикасы­ның белді де беделді өкілі екеніңізді жұртшылық жақсы біледі. Көсемсөзде кесек туындылармен көзге түсіп, ұлт руханиятына үлкен үлес қосып келесіз. Қаламыңыздан туған «Рухыңды түсірме, ұлым», «Тарихты тұлғалар жасайды», «Тоғызын­шы территория» секілді кітаптар мемле­кеттілік, ұлтжандылық мәселелерін арқау етуімен құнды. Журналистикадағы қай­та­ланбас дара жолыңыз кейінгі буын­ға үлгі-өнеге деп білемін. Алдағы уақыт­та да оқырман қауымды жүрдек қаламы­ңыздан, сергек санаңыздан туған кемел дүниелермен қуанта беріңіз. Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін!» делінген Мемлекеттік кеңесші хатында.

Осы орайда серіктестік басшысы, академик Дихан Қамзабекұлы редакцияға келіп түскен бірқатар құттықтау хатын оқып берді. Соның бірі – Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың тілегі.

«Сіз саналы ғұмырыңызды ұлттық журналистиканы дамытуға арнап, бұл жолда еселі еңбек етіп келесіз. Осы бағыттағы табандылығыңыз қашанда жоғары бағаға лайық. Қаламгерлердің өмірі мен өнегесін жаңа қырынан танитын портреттік очерк­теріңіз де ұлттық тұлғатану институтын ілгерілетуге қосылған құнды үлес екені сөзсіз. Сіз шәкірт тәрбиелеудің де озық үлгісін көрсеттіңіз. Бүгінде тәліміңізді алған із­ба­­сарларыңыз еліміздегі белді ба­сы­­лым­­дарда жауапты қызметтер атқа­рып жүр. Бүгінде қазақ баспасөзінің қара шаңы­рағы – «Egemen Qazaq­stan» газеті­нің бас ре­дак­торы ретінде парасат биігі­нен көрі­­ніп келесіз. Әрдайым осылай мәрте­бе­ңіз жо­ғары, абыройыңыз асқақ болсын. Ой­ға алған арман-мұраттарыңыз орындала бер­сін!» деп Сенат спикері ізгі ниетін білдірген.

Сондай-ақ Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр да Ғабит Іскендер­­ұлы­ның ұлт журналистикасын өркен­дету жолындағы қажырлы еңбегін атап көр­сетіп, өзі абыроймен басқарып отырған бас басы­лымның ел руханияты мен қоғам­дық ой-пікірді дамытудағы орны зор екеніне тоқталған. Бұған қоса мерейтой иесі­нің ұйымдастырушылық қабілеті мен азамат­тық ұстанымы замандастарының, оқырман қауымның ізетіне ие екені айтылған.

Бұдан соң Дихан Қамзабекұлы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтауын жария етті.

«Өзіңізді отандық журналистиканың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан қарымды қаламгер, ұлт руханиятына адал қызмет етіп жүрген қайраткер азамат ретінде білеміз. Ғұмыр жолыңызды қазақ баспасөзінің өркендеуіне арнап, журналистиканың биік талаптарына сай еңбек етіп келесіз. Ұзақ жылдар республикалық басылымдарда жемісті қызмет атқарып, кәсіби шеберлігіңізбен, ұлт мүддесіне деген жанашырлығыңыз­бен көпшілік құрметіне бөлендіңіз. Қаламыңыздан туған тұщымды дүниелер оқырманның рухани дүниесін байытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтерудегі азаматтық ұстанымыңызды айқын танытып келеді. Алдағы уақытта да еңбегіңіздің жемі­сін көріп, абыройыңыз арта берсін» деп Аида Балаева тілектестік танытыпты.

Лебіздер легінен Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев та тыс қалмапты. Оның құттықтауын басқосуға қатысқан құрметті қонақ Қуат Бораш жеткізді. Министр хатында Ғабит Іскендерұлын масс-медиа саласының білікті менеджері ретінде бағалайтынын, ұлт баспасөзін өркендетуге сіңірген еңбегі еселі екенін айта келе, ізгі мұратына жетіп, абырой биігінен көріне беруіне тілектес екенін білдіріпті.

Сонымен қатар алқалы жиында бас редакторға Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бас­қарма төрағасы-ректор Жа­нсейіт Түй­ме­баевтың құттықтау хаттары табыс­талды.

Басқосу барысында сөз алған замандас әріптестері мен ізбасар шәкірттері Ғабит Іскендерұлының қаламгерлік шеберлігі­мен қатар, ғибратты ұстаздық жолына кеңінен тоқ­талды. Жиналған қауым мерейтой иесі­нің адами болмысындағы зиялылықты, оның үлкенге де, кішіге де бірдей танытатын қамқорлығы мен шынайы кісілігін ерек­ше атай келе, бұл қасиеттердің бүгінгі жас буын үшін таптырмас үлгі екенін жеткізді.

Соңғы жаңалықтар