• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Сұхбат Бүгін, 08:30

Әлия Мұстафина: Жасанды интеллект архив саласына серпін береді

Бүгін, 9 маусым күні, Халықаралық архивтер кеңесінің қолдауымен Астана қаласында III халықаралық архившілер конгресі – «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) форумы басталды. Осы орайда Президент архивінің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Әлия МҰСТАФИНАМЕН сұхбаттасып, архив саласының қазіргі тынысы, цифрлық даму, жасанды интеллектінің архив жұмысына әсері жайында сұраған болатынбыз.

– Әлия Құсайынқызы, әңгі­мемізді Президент архивінің қорынан баста­сақ. Бүгінде архив қорында қандай құжаттар бар?

– Қазіргі уақытта біздің архивте 800-ден астам қор бар. Нақтырақ айтқанда, 1,5 миллионнан астам архивтік сақтау бірлігін, Алматы қаласында 28 км,  Астана қаласында 43 км архив стеллажын құрайды. Бұлар – ХХ ғасырдың қоғамдық-саяси тарихынан сыр шертетін құжаттар және 1991 жылдан бергі тәуелсіз Қазақстанның құжаттық мұрасы. Сондай-ақ 2022–2023 жылдары ХХ ғасырдың қасіретті кезеңдеріне қатысты архив қорлары қабылданды. Қабылданған тарихи деректер көлемі архивімізде соңғы жүз жыл бойы жинақталған барлық құжаттың көлемінен асып түсті.

– Цифрландыру мен жасанды интел­лектінің дамуы архив саласына қандай жаңа мүмкіндік әкелді?

– Цифрландыру жұмыстары барлық салаға қарқынды ықпал етіп, дамудың жаңа көкжиегін ашып жатыр. Соның ішінде Президент архивіне де тың мүмкіндіктер мен жаңа серпін берді. Цифрландыру жұмыстары деректерді сақтап қана қоймай, оларды игілік пен құн­дылықтың қайнар көзіне айналдыратын экожүйе қалыптастырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аста­на­да өткен «Digital Bridge 2023» халық­­­ара­лық технологиялық форумында айт­­қа­нын­дай, бір кездері электр жарығы мен ин­тернетті ойлап табу тіршілігі­міз­­­ді қалай түбе­гейлі өзгертсе, жасанды интел­­лек­тінің жолға қойылуы да дәл солай ықпал етті.

Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жариялануы да еліміздің жаһандық цифрлық кеңіс­тіктегі ұстанымын нығайтуға жол ашты. Сондай-ақ жаңа Конституция қабылдау арқылы мемлекет азаматтардың цифрлық құқықтарын, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оларды құрметтеу міндеттемесін жоғары деңгейде бекітті. Мемлекет дамуындағы мұндай маңызды қадам тек заңнамалық жаңалық қана емес, сонымен бірге еліміздің даму бағытын ай­қындайтын стратегиялық шешім және экономиканың барлық саласында цифр­лан­дырудың басымдығын бекіте­тін декларация саналады. Мемлекеттің осындай ауқымды іс-шаралары тұжы­рым­да­малық сүйемелдеуге,  стра­те­гия­­лық жоспарлауға қолайлы негіз қа­лып­­­тастырып, соның ішінде архив сала­сы­ның дамуына да тиімді бағыт беріп отыр.

– Архив қызметкерлерінің цифр­лық архивтің жаңа құралдары мен әдіснамасын әзірлеуге тікелей қатысуы қандай өзгерістерге жол ашады?

– Отандық архивтердің даму мүмкін­дік­терін арттыру жолдарын іздеуі жұмыс әдістерін қайта зерделеуге негіз болады. Бұл үдеріс архившілердің цифрлық дәуірдегі архив ісінің жаңа құралдары мен әдіснамасын әзірлеуге тікелей атсалысуымен байланысты. Менің ойымша, дәл осы ұстаным бүгін Астанада өтетін III халықаралық архившілер конгресі – «Digital Archive EXPO» (DA-EXPO) фору­мының өзегіне айналады.

Цифрлық қоғамның жаңа келбеті жағ­дайын­да құжаттың алатын орны оның мәні мен маңызын, сондай-ақ оған деген қоғам­дық көзқарасты айқын­дайды. Құ­жат­тар мен құжат айналымы – мем­ле­кеттік институттардың тиім­ді қызмет етуі мен өзара үйлесімді іс-қимылын қам­та­масыз ететін, бүкіл жүйенің тіршілігін сақ­тай­тын «қан тамырлары» іспетті маңызды жүйе. Сол жүйенің жай-күйіне мемлекеттік бас­қару­дың тұрақтылығы мен нәтижелілігі тікелей тәуелді.

Зерттелетін мәселелерді көрме ар­қылы терең зерделеу форматы Еуропа мен әлем жұртшылығына бұрыннан жақсы таныс. Сонымен қатар архив тәжірибесіне көрме жұмысы да түбегейлі сіңісіп кетті. Бір жарым ғасырдан астам уақытта архивистиканың бүкіл бағыты – архивтердің ақпараттық қызметі (көрмелер, жобалар және т.б.) қалыптасты. Осы ретте Халықаралық архившілер конгресі үшін ЕХРО идеясы кездейсоқ таңдалмағанын айта кету қажет. Бұл дәстүр қазіргі архивистиканың ішкі жай-күйіне құлақ асуға деген ұмтылысты, архив мәселелеріне қоғам назарын аудару­ды және көпшілік кеңінен түсінетін нысандар арқылы цифрлық ақпарат ағы­нының басқарылатынын жеткізуге тырысады. Президент архивінің бұл бастамасы архивтердің жаңа рөлін талқылауға, атап айтқанда, цифрлық дәуір жағдайында деректердің шынайылығын растауға, ақпараттық гигиенаны қамтамасыз етуге, Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясы (1948) қағидаттарының сақталуына мүмкіндік береді.

– Жасанды интеллектінің дендеп енуі архив саласына айтарлықтай ықпал ете алды ма?

– Соңғы жылдары жасанды интеллект техно­логиялары архив саласына түбегейлі еніп, жаңа серпін әкеліп жатыр. Архив саласы үшін орасан зор мүмкіндіктер ашады. Атап айтсақ, құжаттарды таңдауды оңтайландыру, деректерді енгізуді, тануды және талдауды автоматтандыру, өңдеу жылдамдығын арттыру. Сондай-ақ жасанды интеллектінің оңтайлы шешіп беретін нақты міндеттері қатарына құжаттардың құн­дылығын сараптау, сақтау мерзімдерін бақылау, архивтік сипаттамаларды құру, интеллектуалды іздеу, чатботтар мен цифр­лық көмекшілер арқылы пайда­­ла­ну­шыларға қашықтан қызмет көрсету де жатады. Алайда бұлар – жасанды интеллект мүмкіндігінің теңіздің тамшысындай ғана бөлігі.

Қазіргі уақытта назарымыздан тыс қалып отырған және III конгресте ерекше назар аударғымыз келетін нәрсе – архив дүниетанымының өзін түбегейлі трансформациялау және қайта ойластыру мәселесі. Осы ретте канадалық ғалым ­ Л.Дюрантидің архившілер өзгерістерді зерделеп қана қоймай, оны жаңа шынайылық ретінде қабылдауы қажет екені туралы айтқан сөзі еске түседі.

– Өзіңіз басқаратын архив­тегі цифр­лан­дыру жұмыс­тарына тоқталып өтсеңіз. Бұл бағытта нақты қандай жоба­­лар жүзеге асырылып жатыр? Жасан­ды интеллектіге негіз­делген қандай IT-шешім­дерді іске қосып үлгердіңіздер?

– Президент архивін 2035 жылға дейін дамытудың жеті басым бағытының ішінде цифрлық трансформацияның орны ерекше. Халықаралық озық тәжірибелерді архив мекемесінің нақты жағдайларына бейімдеу бағындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біздің архивтің цифрлық трансформация стратегиясы дәстүрлі жұмыс алгоритмдерін архивтік менеджменттің жаңа әдіснамасына көшіру идеясына негізделген. Бұл әдіснама цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын архивтің барлық өндірістік үдерістеріне бірдей деңгейде енгізуді көздейтін «тең міндет­тілік» қағидатын қамтиды.

Бұл бағытта жүзеге асырылып жатқан озық жобаның бірі – орыс және қазақ тілдеріндегі қол­жазба және машинкамен терілген мәтіндерді тануға арналған «AI Archival Recognition System» жүйесі. Бұл жүйе біртұтас мәліметтер базасын құра отырып, құжат құрылымына қарай ақпараттың орналасу өрістерін, реквизиттерін және мәтін түрін­дегі деректерді ажырата алады. Ең бастысы, бұл жоба интернетке қосылмайтын және толық қорғалған жабық жүйе аясында жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп, өңделетін құжаттар саны 40 есеге артты.

Архив құжаттарына қол­жетімділікті арттыру аса маңызды. Сол себепті осы мақ­сатта әзірленген екінші цифрлық жасан­ды интеллект – «AI Mura – Virtual Guide» жүйесі. Бұл жүйе пайдаланушылармен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде диалог жүргізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ олардың сұрақтарына архив деректерімен расталған құжаттарға сүйене отырып жауап береді.

Президент архивінің ең басты тың жаңалығы ретінде «АI Geotopography» жобасын айтар едік. Біз басқа архив мекемеле­рінің бұған ұқсас тәсілдерді пайдаланғанын байқамадық. Бұл жоба Астана және Алматы қалаларындағы архивтік қойма­ларды басқару үдеріс­терін цифрлық «қосарланған» форматта талдауға және болжауға негіз­делген. Сондай-ақ бұл жүйе берілген техникалық параметр­лер мен істерді QR кодтау негізінде архив қорларының бірыңғай цифрлық картасын өздігінен қалыптастырады. Сонымен қатар олар­дың орналастыру топографиясын әзірлейді, архив қоймасының паспортын автоматты түрде жасайды, құжаттарды сақтау шарттарындағы ауытқуларды анық­тайды және оларды жою­дың нақты шешімдерін ұсынады. Одан бөлек әрбір архив қоймасының жағдайы, яғни температура, ылғалдылық, толымдылық деңгейі, сондай-ақ кез келген ауытқулар нақты уақыт режімінде көрсетіледі.

Сондай-ақ «QuralAI Assistant» деп аталатын жасанды интеллект көмекшісі жайында да айта кетейік. Құжаттарды сараптамадан өткізу – архившілер жұмысындағы күрделі үдеріс­тердің бірі. Себебі жұмысты рәсімдеу айтарлықтай қиын. Соған қарамастан архивте жасанды интеллектіге негізделген көмекшіні, яғни шартты түрде айтқанда «кіші» сарапшыны қанатқақты режімде сынақтан өткізіп, айналымға енгіздік. Бұл жүйе құжаттардың құндылығына тарихи сараптама жүргізуге арналған және жасанды интеллект үшін релевантты белгілерге сүйенеді. Оның мақсаты – сарап­тамалық қорытынды дайын­дау­ға жәрдемдесу және түпкілікті шешімді архивші-сарапшының қабылдауына қолдау көрсету.

Президент архивінде қолда­ны­латын аталған IT шешім­де­рінің барлығы жасанды интел­лектімен жұмыс істеуге бола­тынын және қажет екенін көрсе­теді. Бұлар – отандық архив саласының «Электрондық архив» тұжырымдамасынан «зияткерлік архив» дүниетанымына көшу бағытындағы алғашқы қадамдар. Бұл қадамдар еліміз­дегі бір­тұтас архивтік экожүйені қалып­тастыру мәселесін шешуге арналған. Өйткені біз кезіктірген мүмкіндіктер, перспективалар мен проблемалар барлық архившіге тән екені анық.

– Жасанды интеллект архив сала­сының дамуына қандай мүмкіндіктер мен тәуекелдер әкеледі?

– Жасанды интеллектінің үлкен күшке ие екеніне көзіміз толықтай жетті. Ол архив­шілердің атқаратын күнделікті қыз­меттерін өз қолына алып, адамның әлеуетін жоғары деңгейлі міндеттерге бағыттайды, архивті жаңа деңгейге шығарады. Сонымен бірге жасанды интеллект адамның қолындағы құрал және оны тиімді қолдану пайдаланушының өзіне байланысты екенін де түсіну керек. Жасанды интеллектінің өзін-өзі оқыту, өзін-өзі генерациялау, адаптивті алгоритм­дер құру қабілеті кәсіби қауымдастықта жиі талқыланатын бірқатар тәуекелдерді де тудырады. Сон­дықтан бұл өзгерістерге сақтық­пен қарап, алдын ала ойланып, сонымен қатар оған бейімделу қажет. Себебі бұл прогресті тоқтату мүмкін емес.

– Жасанды интеллект архив­тердің қоғамдағы рөлін қалай өзгертеді және бұл өзгерістер архив қызметіне қандай жаңа міндеттер жүктейді?

– Жасанды интеллект қоғам­дағы архив­тердің позициясын өзгертіп жатыр. Архивтер енді құжаттарды сақтаушы қойма ғана болмайды. Ол деректері тексе­рілген сенім инфрақұрылымына, яғни тексерілген деректермен қамтамасыз ететін кеңістікке айналады. Сонымен қатар архив сот процестері, журналистік зерттеу­лер және ғылыми жарияланымдар үшін бастапқы дереккөздерді верификациялай алады. Сондай-ақ инфрақұрылымдық сын-қатерлердің сипаты да өзгеріп жатыр. Егер бұрын архившілер «архив сөрелерінің жетіспеушілігі» туралы айтып келсе, қазіргі уақытта цифрлық архив инфрақұрылымының дамуы алға шықты. Қауіпсіздік мәселесі сыртқы факторларға тәуелді екені белгілі әрі ол бүгінде жаһандық сипат алып отыр. Нейрондық желілер толық енгізілетін кезде архив қоғамдастығының бейтарап және енжар болуына құқығы жоқ. Өйткені жасанды интеллект архив саласына түбегейлі енетіні сөзсіз. Сондықтан бұл үдеріске белсенді түрде араласпасақ, өзіміздің әдіснамалық негізімізді, сараптамалық әлеуетімізді, тіпті тарихты дереккөз арқылы тексеру функциясын бақылаудан шығарып алуымыз мүмкін.

– Жасанды интеллект дәуірінде архив саласында нормативтік-құқықтық база мен терминологиялық жүйені жаңарту маңызды екені белгілі. Бұл бағытта қандай негізгі мәселелер туындауы мүмкін?

– Президент архивіндегі жасанды интел­лектіні қолдану тәжірибесі көрсет­­кен­дей, нормативтік және әдіс­темелік база түбегейлі жаңартуды қажет етеді. Технологиялық жаңару архив саласындағы заңнамадан озып келеді, ал заңнама бүгінде жаңа шынайылықты реттеудің негізгі құралы ретінде алдыңғы қатарға шықты. Мұндай кезде архив қауым­дастығына кең ауқымды келісім негізінде әзірленген халықаралық стандарттар қажет. Бұл қолданыстағы ережелерді қайта қарауды және ақпараттық техноло­гия­лар­­дың ерекшеліктерін ескеретін жаңа рег­ламенттерді, рәсімдер мен нормаларды әзір­леуді көздейді. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта архив ісінде жасанды интеллек­тіні қолданудың әмбебап қағидалары әлі қалыптасқан жоқ.

Цифрландыру дәуірінде пәнаралық сипаттағы терминдер мен ұғымдар­дың толассыз көптігіне куә болып отырмыз. Алайда бұл терминдерге қандай мағына беретініміз жөнінде әлі де ортақ келісімге келе алған жоқпыз. Мысалы, ұлттық архивтік терминдер корпусы, әдетте, шамамен 300 кәсіби терминді қамтиды. Еліміздің архив тәжірибесіне енгізілген халықаралық терминдердің саны шамамен 200-ге жуық. Ал архившілер тәжірибесінде қолданылатын, бірақ ұлттық нормативтік-құқықтық актілермен реттелмеген ұғымдар саны 500-ден асады. Осы жерде бір мысал келтірейін, архивтанудың негізгі әрі өзекті ұғымы саналатын «құжат» терминіне әрбір сала маманы әртүрлі мағына береді. IT маман­дар, тарихшылар, зерттеушілер, қоғам өкілдері, гуманитарлық сала маман­­дары, инженерлер мен саясаткерлер оны дерек, ақпарат, хабарлама, сілтеме, коммуникация, мәлімет немесе дереккөз ретінде түсіндіреді. Ал біз, архившілер, бұл ұғымға мүлде өзгеше мазмұн береміз. Осы мәселені екі жыл бойы зерттеген маман­дарымыз «құжат» терминінің шамамен 30 түрлі түсіндірмесін анықтады. Олар мағыналық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келмейді. Сондықтан өз саламызда қолданатын ұғымдардың мән-мағынасы жөнінде ортақ түсінікке келу маңызды.

– Цифрлық технологиялар архив­шілер даярлау стратегиясын түбегейлі өзгерткені белгілі. Қазір қандай маман­дарға сұраныс жоғары?

– Рас, цифрлық технологиялар архив­шілердің кәсіби стандартына бұрын енбеген жаңа құзыреттерге ие мамандар даярлау мәселесін туындатты. Қазіргі уақытта архивтану саласындағы білімді аналитикалық, инженерлік-техникалық және цифрлық дағдылармен ұштастыра алатын, деректерді басқару мен автомат­тандырылған өңдеу нәтижелерін талдай білетін мамандарға сұраныс артып келеді. Бізге интеллектуалды архивтік жүйелерді жобалап, оларды сүйемелдей алатын «архив инженерлері» қажет. Бұл мәселе 2025 жылы Барселонада өткен Халықаралық архив конгресінде де жаңа кәсіби функциялар мен мамандану бағыттарын талқылау барысында кеңінен көтерілді. Сонымен қатар әрбір архив қызметкерінің бойындағы табиғи интеллектінің маңызын ұмытпау аса маңызды. Архившінің когнитивтік қабілеттері өзінің шешуші рөлін сақтап қана қоймай, жасанды интеллект кеңінен қолданылатын қоғамда бұрынғыдан да маңызды бола түседі. Табиғи және жасанды интеллектінің өзара ықпалдастығы мен синтезін қайта пайымдау жаңа кәсіби біліктілік моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал оның бастауында мағына қалыптастыратын, пайымдай білетін және жауапкершілікті сезінетін адам тұратыны белгілі.

–  Әрине, цифрлық қоғам жағдайында архивтердің жауапкершілігі өте маңыз­ды. Одан бөлек қоғамға ашық­тығы да архив ісін алға сүйрейтіні анық. Сұхба­ты­мыздың соңын осыған қатысты ойыңызбен түйіндесеңіз.

– Қазіргі уақытта архивтер өз жауап­­­кершілігін бұрынғыдан да айқын сезіне бас­тады. Қоғамның өз тарихын білу құқығы мен жеке тұлға және мемлекеттің заңды мүдделерін қорғау арасындағы тепе-тең­дікті сақтау – кәсіби қауымдастықтан нақты жауапты талап ететін бүгінгі заманның негізгі сын-қатерлерінің бірі. Бұл сын-қатердің жаңа қырлары «ашық архивтер» тұжырымдамасы мен цифрлық қоғам философиясының үйлесімді түрде қатар өмір сүруін қамтамасыз ету мәселесімен байланысты. Ал архившінің ұстанымы цифрлық архив экожүйесінің болашағын айқындайтын негізгі факторлардың бірі саналады. Менің ойымша, қазіргі қоғамда бұрынғыдан да өзекті сипатқа ие болып отырған құжат – архившілердің 1996 жылғы халықаралық этикалық кодексі. Ал 2026 жылы ресми түрде қа­был­­данған Халықаралық архив кеңе­сінің «Цифр­лық құқықтар туралы мәлім­демесі» архив­тердің эволюциялық дамуы­ның негізгі тұжырымдамалық негізін айқындады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялы­ларының бірі Жұмахан Күдерин «этика» ұғымына мағынасы жағынан жақын «ақиқатты ұят» деген тіркесті айқындады. Ол бірмәнді түрде түсіндірілетін екі дербес қазақ сөзінің бойына көпқырлы мағынаны сыйғызып, жеке индивидтердің әртүрлі жағдайларда әлеуметтенуі арқылы бұл ұғымның мәнін ашты. Осылайша, ол адамды тірі организмдердің когнитив­тік қабілеттер иерархиясындағы ең жоға­ры деңгей ретінде қарастырудың негізін қалады. Бұл архив ісі үшін қажет антропологиялық ілгерілеудің маңызды бір қыры саналады. Сондай-ақ архивтерді мемлекет тіршілігін қамтамасыз ететін құ­жаттық сүйемелдеудің «қан айналым жүйесі» ретінде қарастырғандағы олардың транс­­формациясын да осы тұрғыдан ойлау қажет.

Архив тарихтағы ауқымды өзгерістердің бастауында тұр. Цифрландыру, жасанды интеллект, сондай-ақ инфрақұрылымға, заңнамаға, кадрлық әлеуетке және кәсіби этикаға қойылатын жаңа талаптар – біздің негізгі даму бағыттарымыз. Жаһандық сын-қатерлер мен мемлекетіміздің ұлттық мүдделеріне жауап бере алатын жаңа тәжірибелерді күш-жігерімізді біріктіру арқылы ғана қалыптастыра аламыз.

 

Әңгімелескен –

Серікбол ХАСАН,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар