• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 07:50

Тарихтың тірі куәсі

Орал қаласында белгілі бағ­бан Қайрат Кәрімовтің тәлім­бағында «Тарихтың тірі куәсі» атты бірегей жоба басталды. Мұнда танымал тұлғаларға, тарихи оқи­ғаларға қатысы бар терек көшеттері егіледі.

Жақында осы акция аясында тәлімбаққа жаңа өскін – қазақ тарихындағы танымал тұлға Жәңгір хан Бөкей хан ұлының есімімен байланысты қарағай көшеті егілді. Нарын құмның ортасына қарағай орманын еккен жаңашыл ханды еске салатын жас тал сол тарихи топырақтан арнайы әкелінген. Тарихи теректі егу құрметі танымал ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақты­герееваға тапсырылды.

«Хан ордасында кезінде Жәңгір хан өз қолымен еккен қарағайдың тұқымы сақталған деседі. Бұл ағаш – тек табиғат көркі емес. Ата-бабамыз қарағайды бекер екпеген. Бір жағынан, ол ел шекарасын айқындап, қорғауға қызмет етсе, екінші жағынан, құм көшкінін тоқтатып, жерді шөлейттенуден сақтаған. Бүгінде құмның көшуі саябырсыды. Әйтпесе кезінде қаншама ауыл құм астында қалып қойғаны тарихтан белгілі. Сол қасиетті қарағай­дың тұқымын ел игілігіне жаратуға мүмкіндік жасаған Қайрат бауырыма шынайы ризамын. Мен бұл қарағайды жай ғана ағаш емес, болашақ ұрпаққа жолданған үн, аманат деп қабыл­даймын» дейді Ақұштап ақын.

– Көршілес Ресейде ерекше бағ­дарлама бар: тарихи оқиғалармен немесе белгілі тұлғалармен байланысы бар терекке арнайы мәртебе беріліп, мемлекет қорғауына алынады. Біраз жыл бұрын ақын Сергей Есениннің туған жеріне, Константиново ауылына жолымыз түскенде, бізге ерекше сый жасады. Ақынның өзі 1924 жылы үйінің алдына отырғызған теректің көшетін табыстады. Кейін бұл көшетті туған өлкемізге әкеліп, баққа шаншып қойдық. Сондай-ақ Иван Тургенев музейінен әкелінген еменнің көшеті де өз орнын тапты. Бүгін қазақтың төл тарихына қатысты өсімдік – Жәңгір ханнан қалған тарихи тоғайдан әкелінген көшетті ақын Ақұштап Бақтыгереева өз қолымен екті. Осылайша, біз де туған өлкемізде танымал тұлғалар мен тарихи орындарға қатысты ағаш көшеттерін әкеліп, тарихи аллея жасасақ, осыны дәстүрге айналдырсақ деген ойға келдік. Бұл өткенге тағзым етіп, келер ұрпаққа өнеге болатын игі іс қой, – дейді жоба жетекшісі Қайрат Кәрімов.

Белгілі бағбан бізбен әңгімесінде қазақ тарихына қатысты тағы қан­дай тал-терек болғанын сұрап, көп­шіліктен ұсыныс күтетінін жет­кізді. Ендеше, құрметті оқырман, сіз не айтасыз?

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар